Жолаушылардың алғашқы панасы: жолшылардың жылыту бекеттері

Ұлан-ғайыр қазақ даласының әр өңірінің өзіне тән ерекшелігі мен табиғаты бар. Бір облысында жауын жауып, көктайғақ болса, бірінде қарлы боран бұрқап тұрады. Қай жағдайда да жолшылар үшін жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы бірінші кезекте болмақ.

Осы орайда, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында ақтүтек боран күндері жолаушылардың діттеген жерлеріне аман-есен жетулері үшін жағдай жасалып жатыр. Көлік ағыны көп күре жолдардың бойы қардан аршылғанша, жолаушылар және кезек алмасқан жолшылар тоңып қалмауы үшін елімізде 125 жылыту бекеті жөндеуден өткізіліп, іске қосылып жатыр. Жолшылардың бұл жылыту бекеттері арнайы төсек орындарымен, асханамен және санитарлық тораптармен жабдықталған.

Өкінішке орай, жылдан-жылға дауылды ескертулер мен жол жүру шектеулеріне қарамастан, жолға шығатын жолаушылар саны азаймай тұр. Ал олардың басым бөлігі қыс мезгілінде қар құрсауында қалып қойып жатады.

Тек өткен қыстың өзінде, жолшылардың күшімен 720 автокөлік қар құрсауынан босатылып, оның ішінде 400-ге жуығы «ҚазАвтоЖолдың» жылы бокстарына жеткізілсе, 2 000-нан астам адам жылыту бекеттеріне орналастырылды.

Құрметті жолаушылар, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ сіздерден жолда абай болуларыңызды, бекітілген жылдамдық және жол жүру шектеулерін қатаң сақтауларыңызды сұрайды. Ал штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде сіздер әрқашан 1403 бірыңғай колл орталығына қоңырау шала алатындарыңызды естеріңізге саламыз.




Фото: pixabay.com