Жолбарыс туралы видео таратқан теміртаулық қомақты айыппұл арқалады
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде «Жол бойында жолбарыс жүр» деген видео тарады. Мұны көрген қала тұрғындар үрейленіп кетті.
Облыстық ПД мәліметінше, Қарағанды облысында жалған ақпарат таратқан әйел жауапкершілікке тартылды.
— Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзуға әкеп соқтырған жалған ақпарат таратқан әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартып, 73 840 теңге көлемінде айыппұл салды. Жалған ақпарат тарату әкімшілік, ал кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз. Азаматтарды өз жарияланымдарында жауапкершілікпен қарауға және оны таратпас бұрын ақпараттың дұрыстығын тексеруге шақырамыз! , — деп ескертті тәртіп сақшылары.
Еске салсақ, бұдан бұрын Ақтөбе әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзған мас жолаушы рейстен түсірілгені хабарланды.