Министрдің сөзінше, жолбарыстарды Қазақстан табиғатына қайта жерсіндіру бағдарламасы әзірленген кезде жақын маңдағы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Осы мақсатта арнайы топ құрылып, жыртқыштардың қозғалысын тәулік бойы бақылау ұйымдастырылған.
— Халықтың қауіпсіздігі — біз үшін басты мәселе. Сондықтан бағдарламаны дайындаған кезде барлық факторды, оның ішінде жақын маңдағы тұрғындардың қауіпсіздігін ескердік. Арнайы топ құрылды. Оның мамандары резерватта тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, — деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, жолбарыстардың қозғалысын бақылау үшін аумақ шартты түрде бірнеше аймаққа бөлінген. Егер жыртқыш белгіленген жасыл аймақтан шығып, сары аймаққа өтсе, арнайы топқа және жақын маңдағы ауылға белгі беріледі.
— Егер жолбарыс сары аймаққа кірсе, тиісті сигнал арнайы топқа және ауылға түседі. Мамандар қажетті техникалық құралдарды пайдаланып, жолбарысты кері қайтаруға дайын, — деп түсіндірді министр.
Табиғатқа жіберілген жолбарыстарға арнайы бақылау қарғыбаулары тағылған. Бұл құрылғылар олардың қайда жүргенін қадағалауға мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, жолбарыстардың саны көбейген сайын оларды бақылау тәсілдері де өзгеруі мүмкін. Дегенмен қажет болған жағдайда кез келген жолбарысты ұстап, оған бақылау құрылғысын қайта тағуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Іле-Балқашта екінші жолбарыс табиғатқа жіберілгені хабарланды.