Жолдағы аңыздар: жүргізушілер айтатын тылсым хикаялар

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің ұлан-ғайыр даласын кесіп өтетін ұзақ жолдар тек асфальт пен шақырымдардан тұрмайды. Әрбір тасжолдың өз тарихы, өз құпиясы бар. Бірі оны жолаушылардың қиялынан туған әңгіме десе, енді бірі талай жолды артқа тастаған жүргізушілердің көрген-білгені деп сенеді, деп жазды ҚазАвтоЖол.

Фото: ҚазАвтоЖол

Түнгі сапарларда айтылатын мұндай хикаялар жылдан-жылға, жүргізушіден жүргізушіге тарап келеді. Кейбірі қорқынышты естілгенімен, олардың астарында өмірлік сабақ жатыр.

Ешкінің тұяғы бар қыз

Жүргізушілер арасында кең тараған көне аңыздардың бірі – түнгі жолда кездесетін жұмбақ қыз туралы.

Ай сәулесі төгілген түнде иен даладағы тасжолмен келе жатқан жүргізуші жол шетінде тұрған жалғыз қызды көреді. Қыз қолын көтеріп, жақын ауылға жеткізіп тастауды өтінеді. Жолаушыға жаны ашыған жүргізуші көлігін тоқтатып, оны отырғызады.

Қыз үнсіз. Жол бойы тіл қатпайды. Бірақ біраздан кейін көліктің іші біртүрлі салқындай бастайды. Пеш қызып тұрса да, белгісіз бір мұздай леп сезіледі.

Бір сәтте жүргізуші артқы көрініс айнасына көз тастайды. Сол кезде жүрегі зу ете түседі. Қыздың бір аяғы кәдімгі адамдікіндей болғанымен, екінші аяғы ешкінің тұяғына ұқсайды екен.

Көнекөз жүргізушілер мұндай жағдайда сабыр сақтау керек дейді. Даланы қақ жарып тоқтай қалмай, жарық жерге – жанармай құю бекетіне, полиция бекетіне немесе ауылға жеткен дұрыс.

Ал межелі жерге жетіп, артқа бұрылып қарасаңыз, қыз жоқ. Артқы орындық бос тұр. Тек көлік төсенішінде қалған көмескі із ғана көзге шалынады.

Содан бері бұл оқиға жол үстіндегі ең жұмбақ аңыздардың біріне айналып кеткен.

Ақ түсті белгісіз көлік

Астана мен Қарағанды арасындағы тасжолда жүргізушілер жиі айтатын тағы бір тылсым әңгіме бар.

Қалың боран соғып, көзге түртсе көргісіз тұман түскен кезде алдыңыздан нөмірсіз ақ көлік пайда болады дейді. Ол асықпай алда жүреді. Бейнебір жол көрсетіп келе жатқандай әсер қалдырады.

Оның соңынан қауіпсіз арақашықтық сақтап жүрген жүргізушілер жақын маңдағы бекетке немесе елді мекенге аман жетеді екен.

Бірақ көліктен түсіп, әлгі жүргізушіге алғыс айтпақ болғанда, ақ көлік ғайып болады. Ізі де қалмайды.

Біреулер мұны жай ғана сәйкестік деп қабылдайды. Ал тәжірибелі шопырлар:

– Жолдың да өз киесі болады. Кейде ол адасқан жанға жол көрсетеді, – дейді.

Содан бері ақ көлік туралы әңгіме боранды түндердің аңызына айналған.

Жол шетіндегі қария

Қызылорда мен Жезқазған арасындағы кең жазықта айтылатын тағы бір ерекше аңыз бар.

Түн ортасында шапан киген ақсақал жол жиегінде тұрып, өзін жақын ауылға жеткізіп тастауды сұрайды екен.

Жүргізуші көлігін баяулатып, апаттық белгіні қосып, артқы айнаға қараса – қария жоқ.

Біраз жүрген соң алда қауіпті жер кездеседі. Кейде бұл өткір бұрылыс, кейде жолға шығып кеткен мал, ал кейде жарығы жанбай тұрған бұзылған көлік болуы мүмкін.

Сондықтан көнекөз жүргізушілер:

– Ондай қарияны көрсең, мәнісін іздеме. Тек жылдамдықты азайт, – дейді.

Бұл аңыздың астарында да бір шындық жатыр: жол күтпеген жағдайларға толы.

Маңғыстаудың жұмбақ шырақтары

Маңғыстаудың иен даласында түнде белгісіз шырақтар көрінеді деген әңгіме ертеден айтылады.

Олар көкжиекте бір жанып, бір сөніп, кейде жолмен қатар қозғалып келе жатқандай көрінеді. Жақындай берген сайын алыстап, соңынан ерген адамды адастырып жібереді дейді.

Қарт жүргізушілер:

– Шырақтың соңынан ерме. Дала сенің жолды қаншалық білетініңді сынайды, – деп отырады.

Сол себепті бұл өңірде түнде жолдан себепсіз шықпау – жазылмаған заң.

Рациядағы жұмбақ дауыс

Жүк көлігін тізгіндегендердің арасында тағы бір қызық аңыз бар.

Түннің бір уағында рациядан бейтаныс дауыс естіледі екен.

– Жылдамдықты азайт...

Бір-ақ рет айтылады. Сосын тыныштық орнайды.

Бірнеше шақырым жүрген соң жүргізуші әлгі сөздің мәнін түсінеді. Алда жөндеу жұмыстары, жолға шыққан жануар, өткір бұрылыс немесе апатты жағдай кездеседі.

Бұл кімнің дауысы екенін ешкім білмейді.

Бірақ тәжірибелі шопырлар:

– Егер жолдың өзі баяулауды сұраса, қарсы келме, – деп күледі.