Жолдағы мыңдаған ақау: 22 сарапшы жұмыстан шығарылып, 53,4 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Жол жұмыстарына тиісті бақылау жүргізбеген 22 техникалық қадағалау сарапшысы жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Жыл басынан бері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына 50-ге жуық тексеру жүргізді.

Фото: ҚазАвтоЖол

— Тексеру нәтижесінде 1 670 ақау мен талапқа сәйкессіздік анықталды. Бүгінде оның 831-і, яғни 49,8%-ы жойылды. Қалған кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасып жатыр. Анықталған ақаулардың қатарында жолдағы шұңқырлар мен ойықтар, жарықтар, асфальтбетон жамылғысының ығысуы, жолтабандар және жолдың пайдалану жағдайына әсер ететін өзге де кемшіліктер бар. Әрбір анықталған дерек бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жұмыс сапасын тиісінше бақыламаған техникалық қадағалау мамандарына жалпы сомасы 53,4 млн теңге көлемінде айыппұл санкциялары қолданылды. Сонымен қатар 22 техникалық қадағалау сарапшысы жұмыстан шығарылды, — делінген компания таратқан ақпаратта.

Фото: ҚазАвтоЖол

«ҚазАвтоЖол» жол жұмыстарының сапасына және техникалық қадағалауға қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр. Ақаудың анықталуы — оның қабылданғанын білдірмейді. Мердігер ұйымдарға кемшіліктерді жою жөнінде талап қойылып, жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қолданылады.

Фото: ҚазАвтоЖол

Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек екенін айтқан еді. Президент кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейтінін, тіпті, қоғам талқысына түсіп жататынын атап өтті.