ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы аумағында «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтті. Екікүндік шара барысында полицейлер тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция бөліністері басшыларының тұрғындармен жеке кездесуін қамтамасыз ету мақсатында өткен бұл акция облыстың барлық аудандарында және аймақ орталығында тиісті деңгейде ұйымдастырылды.
Алдын ала белгіленген орындарда «Жолда қабылдау» жазуы бар автобустар орналастырылып, полицейлер мобильдік қабылдау жүргізе бастады. Олар құқықтық кеңес беріп, қажет болған жағдайда заң тұрғысында көмек көрсетті.
Екі күн бойы Халыққа қызмет көрсету орталығы, тіркеу-емтихан бөліністері, жол-техникалық бақылау және әкімшілік практика мамандары да жұмыс істеді. Шақырылған мамандардың барлығы өз салалары бойынша қандай да бір мәселемен келген азаматтардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, кең көлемді кеңестер берді.
Нәтижесінде өңір бойынша 1 мыңға жуық тұрғын кеңес алды. Олардың көбісі құқықтық мәселелер бойынша жүгінді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.