Жолдағы тәртіп сақшылары жаңа оқу жылының басталуына орай жол қауіпсіздігіне байланысты кешенді шаралар ұйымдастырды

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жаңа оқу жылының басталуына орай Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің өкілдері «Сақ болыңдар, балалар» атты республикалық акция ұйымдастырды.

Аталмыш шараның іске асырылуы жөнінде бүгін Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков журналистермен болған баспасөз мәслихатында баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, акция тамыздың 25-і мен қыркүйектің 4-і аралығында өткен. Шараның мақсаты - балалардың қатысуымен жолда болатын оқиғалардың алдын алу. Акцияға еліміздегі министрліктер мен ведомстволардан және өзге де түрлі мекемелерден 2 мың 772 адам жұмылдырылған. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың 1 мың 210 мүшесі бар. «Баспасөз басылымдарында жол қауіпсіздігіне байланысты 656 мақала жарияланып, теледидардан 734 сюжет көрсетілді. Сондай-ақ радиодан 1 мың 279 ақпарат берілді», деді ол.

Сондай-ақ білім саласының қызметкерлерімен бірге 7 мың 95 мектеп тексерілген, олардың 79,7 пайызында жол қауіпсіздігіне байланысты арнайы бөлмелер бар болып шықты. Ал  66,3 пайызында арнайы автоалаңдармен жабдықталған. Тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша әкімдіктерге 517 ақпарат жіберілген. Олардың 371-і  мектеп орналасқан аудандардағы жолда жүру жұмыстарын жетілдіруге қатысты болды. Ал 610 ақпарат білім саласының  жергілікті органдарына жолданған.