«Еліміздің соңғы екі жылдағы статистикалық деректеріне қарағанда, жол-көлік оқиғалары бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама азайған. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің саны азаймай отыр», - деп тоқталды ол.
Депутат 2017 жылдың шілде айында жол қозғалысы туралы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң күшіне енгенін еске салып өтті. Бұл заң жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оның барлық қатысушыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Заңның 56-бабында жаяу жүргіншінің біршама құқықтары мен міндеттері айқындалды. Соның ішіңде реттелмейтін жаяу жүргінші өткелдерінде жолдан өту үшін, өзіне қауіпсіз болатынына сенімді болғаннан кейін ғана жолдың жүретін бөлігіне шығуға міндетті екені көрсетілді.
«Алайда, қазіргі таңда заңның бұл талабы толыққанды жұмыс істемеуде. Көбінесе жаяу жүргіншілердің өз міндеттерін білмеу салдарынан қайғылы жағдайға душар болып жатқанын көріп жүрміз. Бұны түсінуге де болады. Себебі жаяу жүргінші жолағына шығарда, біздің барлығымыз болмасақ та, көпшілігіміз «маған көлік жүргізушілер жол беруге тиісті» деп ойлаймыз. Ал жолда келе жатқан көлік жүргізуші алдынан бірден шыға келген адамды көріп, көлігін тоқтатуға мүмкіндігі бола бермейді. Бұл жерде біз көлік жүргізушіні ақтағымыз келіп отырған жоқ, яғни жаяу жүргінші өз міндетіне сай қозғалыс жасайтын болса, қаншама адамды ауыр жаратқаттан аман алып қалуға болатынын айтқымыз келеді», - деді Мансұрхан Махамбетов.
Оның сөзіне қарағанда, жүргізуші көлік жүргізу куәлігін алу үшін емтихан тапсырып және оны басқаруға жолда жүру ережелерін толық білу керек болса, ал жолаушы мен жаяу жүргіншілердің көбісі өз құқықтары мен міндеттерін біле бермейді. Бұл әрбір адамның өзінің жауапкершілігінде қалып қойып отыр.
«Сондықтан мемлекеттік уәкілеттік орган басқа да тиісті органдармен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, заңның нормаларын халыққа түсіндіру мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарын жандандыруы дұрыс деп ойлаймыз», - деді депутат.