Жолдар қауіпсіз болсын десек, 6 мың шақырым көпжолақты жол салу керек — ІІМ

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев қауіпсіз жолдар тапшы өңірлерді атады.

«Атырау облысында бірінші санаттағы жолдар жоқ. Батыс Қазақстан облысында осы санаттағы қауіпсіз жолдардың ұзындығы — небәрі 3 шақырым ғана. Ал Ақтөбе облысында — 19 шақырым. Бүгінгі таңда 4 және одан да көп жолақтары бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет. Әрине, заманауи жолдарды қысқа мерзімде салу мүмкін емес», — дейді комитет басшысы.

ІІМ жол ұйымдарымен бірге қолданыстағы жолдарға 25 мың тексеру жүргізіп, 45 мыңнан астам кемшілікті анықтаған.

«Соның қорытындысы бойынша 3,5 мыңға жуық лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеруде қамтылған республикалық маңызы бар жолдарда 200 шақырымнан астам таңба сызып, 2,5 мыңға жуық жол белгілерін орнату қажет», — деді Қайсар Сұлтанбаев.