Жолдау басымдықтары: Жетісуда өндіріс қызметкерлерімен пікір алмасты

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын халыққа түсіндіру бойынша республикалық үгіт-насихат тобының мүшелері Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай мен Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова Талдықорған қаласындағы «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. Кәсіпорынның мәжіліс залында өткен іс-шараға 100 адам қатысты.

Фото: Қанат Өмірәлинов

Кездесу барысында Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай өндіріс орындарының жұмыс орындарын құрудағы, халықты тұрақты табыспен қамтамасыз етудегі және бюджет түсімдерін арттырудағы рөліне тоқталды. Ол «Қайнар-АКБ» өнімдерінің шетел нарығына шығуы отандық өндірістің әлеуетін көрсететінін атап өтті.

Фото: Қанат Өмірәлинов

— «Қайнар-АКБ» — өңіріміздің мақтанышы. Өзіміздің туған жерімізде шығарылған өнімнің шетелде пайдаланылып жүргені қуантады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, азаматтардың табысы мен салық түсімдерінің көбеюіне ықпал етіп отыр. Сондықтан осындай кәсіпорындар дамуының ел экономикасындағы маңызы зор, — деді депутат.

Фото: Қанат Өмірәлинов

ҚР Халық Кеңесінің мүшесі Руфина Усанова кәсіпорын жұмысшыларына қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты.

— Кәсіпорынды аралау барысында өндірістегі жұмыстың қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін көрдім. Мұнда еңбек ететін 1200 адамның 45 пайызы әйелдер екен. Осындай ауыр жұмысты атқарып жүрген әйел азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға еңбектеріңіз үшін рақмет, — деді Руфина Усанова.

Фото: Қанат Өмірәлинов

Кездесуге қатысушылар облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру, Талдықорғандағы қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады. Сол сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту міндеттеріне тоқталып, жол, су, газ және электрмен жабдықтау мәселелерін шешудің маңызын айтты. Сондай-ақ басқосуда кәсіпорын қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі де көтерілді. Ұжым өкілі жұмысшылардың табысы кейбір тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, оларға баспана алудың қандай мүмкіндіктері барын сұрады.

Фото: Қанат Өмірәлинов

Наурыз Сайлаубай кәсіпорынға «Отбасы банкпен» бірлесіп, қызметкерлердің табысы мен еңбек өтілін ескеретін арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол мысал ретінде Хромтаудағы тау-кен кәсіпорнының банкпен бірлесіп, жұмысшыларына баспана алуға қолдау көрсеткен тәжірибесін келтірді.

Фото: Қанат Өмірәлинов

Кездесу соңында Наурыз Сайлаубай мен Руфина Усанова қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.