Жолдау еліміздің әрбір тұрғынының әл-ауқатын көтеруді көздейді - округ әкімі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасарда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналған аудан активінің жиналысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Актив жиналысына облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, еңбек ұжымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталып отыр. Бұл халыққа, еліміздің әр азаматына деген қамқорлық. Осы мақсатта бізге қазір алты негізгі бағыт бойынша қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Олар халықтың кірісін өсіру, өмір сапасын жақсарту, тұрмысқа қолайлы ортаны құру, азаматтардың қажетіне бағыт ұстаған мемлекеттік аппарат жасақтау, тиімді сыртқы саясат және әрбір қазақстандықтың еліміздегі жаңғыртуларға өзінің қатыстылығын сезінуі», - деп атап өтті Полтавка селолық округінің әкімі Ләззат Қожахметова.

Алда тұрған міндеттерді шешу бағытында қарастырылып отырған шаралар туралы актив жиналысында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Н.Қапашев, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Н.Қамбатыров, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Бегалинов, Полтавка селолық округінің әкімі Л.Қожахметова және басқалар сөз сөйлеп, осы орайдағы өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Актив жиналысы бойынша Жолдаудан туындайтын міндеттерге қатысты тиісті орындарға нақты тапсырмалар берілді.