Жолдау Қазақстан мен Өзбекстан байланысын нығайтуға жол ашады – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы алдағы ауқымды өзгерістердің бағытын айқындаған маңызды саяси оқиға болды. Мұндай пікірді Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Акрамжон Неъматов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Фото: Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты

Акрамжон Неъматовтың пікірінше, Жолдауда Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне қатысты негізгі басымдықтар айқындалған. Атап айтқанда, экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғырту, инфрақұрылымды кеңінен жаңарту, адами капиталды дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне басымдық берілген.

Оның сөзінше, Жолдаудың басты ерекшелігі – саяси жаңғыру бастамаларының экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді қамтитын ұзақ мерзімді бағдарламаға ұласуында. Бұл бағдарлама технологиялық бәсеке мен әлемдік экономикадағы құрылымдық өзгерістерге сай келетін жаңа даму моделін қалыптастыруды көздейді.

– Елді жаңғыртуға қатысты кешенді ұстаным ерекше назар аудартады. Инфрақұрылым, энергетика, көлік, өнеркәсіп және цифрлық технологиялар жеке-жеке бағыттар емес, экономикалық өсудің біртұтас жүйесін құрайтын өзара байланысты салалар ретінде қарастырылған. Бұл ретте өзгерістердің нәтижесі, ең алдымен, адамдардың күнделікті тұрмысында қандай оң өзгеріс әкелгенімен өлшенеді, – деді Акрамжон Неъматов.

Сарапшы алдағы өзгерістердің ауқымы оларды іске асыруға арналған нақты мерзімдерден де көрінетінін айтты. Мәселен, 2027 жылды Халықтық жаппай құрылыс жылы деп жариялау, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды түбегейлі жаңарту және 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеу көзделіп отыр.
Оның айтуынша, бұл стратегиялық мақсаттардың нақты мерзімдермен бекітіліп, оларды жүзеге асырудың тиісті тетіктері айқындалғанын көрсетеді.

Бұдан бөлек Акрамжон Неъматов Қазақстан мен Өзбекстанның жаңғыру жолындағы мақсат-міндеттері өзара үндес екенін айтып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін беретін бес басым бағытты атады. Олар: өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық әріптестікті кеңейту, көлік-логистика байланысын нығайту, цифрлық және технологиялық жаңғыруды жеделдету, су-энергетика және экология салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, адами капитал мен гуманитарлық байланыстарды нығайту.

Сарапшының пікірінше, осы бағыттар бойынша бірлескен жұмысты дамыту екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, өңірлік өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Орталық Азияның орнықты дамуына негіз болады.

– Меніңше, Қазақстан мен Өзбекстанның жаңғыру бағдарламаларын ұштастырудың стратегиялық маңызы екіжақты ынтымақтастық шеңберінен әлдеқайда кең. Экономикалық, өнеркәсіптік, көлік және адами әлеуеті зор екі ел өңірлік дамудың жаңа жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқара алады. Бұл мемлекеттерімізге ерекше жауапкершілік жүктейді. Сондықтан ұлттық реформалардың қарқыны мен жүйелілігін сақтаумен қатар, Орталық Азияны жаңғыртуға ортақ жағдай жасауға да күш салуымыз керек, – деді ол.

Акрамжон Неъматов Орталық Азияның барлық мемлекеті жаңа мүмкіндіктерді бірдей пайдалана алуға тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірлескен өндіріс орындарын құру, трансшекаралық инфрақұрылымды дамыту және технологиялық тізбектерді қалыптастыру барысында әр елдің мүддесі мен бәсекелестік артықшылықтары ескерілуі қажет.

– Қазір Орталық Азия елдерінің ресурстық, өндірістік, көлік және адами әлеуеті, экономикаларының өзара толықтығы мен ынтымақтастық тәжірибесі өңірдің әлемдік экономикадағы орнын нығайтуға жол ашып отыр. Бұл мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, жаһандық өндірістік-логистикалық тізбектердегі орнымызды нығайту, өз өндірісіміз бен технологиялық мүмкіндіктерімізді дамыту, өңірлік нарықтарды кеңейту маңызды. Сонда Орталық Азия елдері әлемдік экономикадағы үлесін арттырып қана қоймай, одан әр мемлекетке тиетін пайданы да көбейте алады, – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Бакуде Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланғаны хабарланған болатын.