Жолдау құрылысшыларды ерекше жігерлендіріп отыр - Ж.Нұрқышев

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Жолдау құрылысшыларды ерекше жігерлендіріп отыр.

Қызылорда қаласының тұрғыны, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Жанәбіл Нұрқышев ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатында Жолдау туралы осындай пікір білдірді.

«Елбасының жылдағы дәстүрлі Жолдауын асыға күтемін. Себебі, еліміз әлемдік өркениет жолына қадам басқан сайын жаңа жетістіктердің биігінен көрінуде. Өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік ұйымына жетекшілік жасап, Қазақстанды күллі әлемге таныттық. Оған Елбасының сіңірген еңбегі ерекше», - дейді ол.

«Мемлекет басшысының кешегі Жолдауынан мен жаңа деректерге қанығып, бойымды елім үшін мақтаныш сезімі кернеді. Әлем елдері қазір дағдарыстың шылауынан арыла қойған жоқ. Ал Қазақстанның халықаралық резерві 60 млрд. долларға жуықтаған. Еліміздің экспорттық әлеуеті артып, әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім шығаруымыз біздің болашақтағы мүмкіндігіміздің қаншалықты зор екенін айқындап беріп отыр. Осынау дағдарыс жағдайында елімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайыз, өңдеу өнеркәсібінің өсімі 19 пайыз құрады. Кешегі Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық салаларының таяу болашақтағы мүмкіндіктері Елбасы тарапынан жан-жақты сараптан өткізілді. Әсіресе, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету, білім саласын жаңа деңгейге көтеру, денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру мақсатындағы белгіленген игі мақсаттар халқымыздың әл-ауқатын көтерудің ең маңызды шарттары болып табылады. Елімізде өткен жылы индустрияландыру жобалары сәтті жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысы енді ауылға бетбұрыс жасағалы отыр. Қазақстанның астығы мол. Енді елдің ауыл шаруашылығын ет бағытындағы мал өсіруге бұрып, осы бағыттағы экспорттық мүмкіндігімізді пайдалануға даңғыл жол ашылмақшы. Халқымыздың 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын ескерсек, біздің алтын бесігіміздің түлейтін кезеңі әлі алда деп ойлаймын. Осы орайда Президент Үкіметке, барлық әкімдерге ауылды индус­трияландырудың маңызды міндеттерін жүктеді. Өз басым осы бастаманы айрықша қуаныш сезімімен қабылдадым», - дейді Қазақстанның құрметті құрылысшысы.