Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылған фронт-офис жұртшылықпен тікелей байланыста жұмыс істейді. 62 шаршы метрлік қызметтік кеңсе ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Заманға сай жабдықталып, компьютерлер «Egov» электрондық үкімет порталына қосылған. Сондай-ақ, мұнда банкомат, төлем терминалы орнатылды.
Президенттің Жолдауын жүзеге асыру барысында ашылған фронт-офистің мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, азаматтарға ыңғайлы қызмет көрсету, өтініштерді қарау мерзімін қысқарту. Мамандардың айтуынша, Петропавл қаласының Ішкі істер басқармасына күніне 100-ден астам астам адам келеді. Өтініштердің негізі лицензиялық рұқсат алу жүйесіне, қылмыстық істерді қарау мәселесіне қатысты.
Фронт-офисте халықты жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полицияның білікті мамандары, тергеушілер қабылдайды.
Еске салайық, Елбасы қазан айындағы Жолдауындақұқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі өзгертуді ұсынды. Сондай-ақ халықтың полицияға қатысты пікірін өзгерту қажеттігін жеткізді. Құқық қорғаушы жазалаушы емес, қиын жағдайда көмек беретін адам ретінде өз абыройын көтеруі шарт. Осы орайда, Президент құқыққорғау саласын реформалаудың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Жолдауда полицейлердің жалақысын көтеру жүктелді.
Авторы: Ақерке Қабыкеева