Жиында Елбасының Жолдауымен қатар, мәдениет саласын дамыту бойынша мәдени саясаттың тұжырымдамасы жобасының басым міндеттері талқыланды. Тақырып аясында Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев, белгілі кинорежиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Халила Омаров, республикалық Абай қорының президенті Жұмабек Ашуұлы, «Арсистем КZ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділ Несіпбаев, белгілі эстрада әншісі Сәкен Қалымов және философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов сынды шығармашылық интеллигенция өкілдерінен құрылған сарапшылар кеңесі Елбасының биылғы Жолдауының жүзеге асырылу барысы турасында ойларын ортаға салып, оның нақты бағыт-бағдарлары айқындалып келе жатқанына назар аударды.
Мемлекетті саяси-экономикалық тұрғыда жедел жаңарту жолындағы бірқатар мемлекеттердің тәжірибесі халықтың басым бөлігі жаңарту саясатын саналы түрде қолдаған уақытта бұл мақсат, қандай қиындықтар кезікпесін оның орындалатынын көрсетіп отыр. Осы орайда, бұл міндеттің оң шешілуіне Мемлекет басшысының еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің қатарына қосылу стратегиясының жүзеге асырылуы өзіндік септігін тигізбек. Биылғы Жолдаудың іске асырылу барысы саралана келе, мынадай қорытынды жасалды. Біздің ұлттық идея өзегі елдегі барша қазақстандықтар өзара татулықта, ең бастысы - ортақ әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани кеңістікте өмір сүруі, бұл түптеп келгенде, Қазақстан Республикасы мемлекетінің, оның барша азаматтарының өсіп-өркендеуі мен гүлденуін айқындайды.