ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: Индустрияландыру бағдарламасы - ел экономикасының басты бағдары

None
АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ел экономикасын жаңғыртудың басты бағдары болып қала беретіндігін баса айтқан болатын.

Шындығында да қолға алынғанына не бәрі 2 жыл ғана болған аталған бағдарлама аясында бірқатар салалық құжаттар қабылданып, бизнесті қолдау тетіктері әзірленді. Өндірістік қуаттарды тиімді орналастырудың сызбасы дайындалды. Тек өткен жылдың өзінде ғана жалпы сомасы 970 миллиард теңгеден асатын 288 жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде 30 мың­нан астам тұрақты сапалы жұ­мыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашылды. Мемлекет осы үдеден де жоғары нәтижелерге құлаш ұруды басты міндет санап отыр. Яғни, ел экономикасының озық кластерлерін құру әрі оны одан әрі дамы­ту жалғасын таппақ.

Мемлекет басшысының Жолдауында инновациялық клас­терлердің инфрақұрылы­мын да­мыту бағытында  жүктелген міндет осы аптадағы Министрлер кабинетінің бас қосуында көтерілді. Аталған жайтқа байланысты негізгі баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев: «Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда негізгі екпін өңірлерге ауыстырылатын болады. Барлық қажетті тетіктер құрылды. Орталық деңгейдегі жұмыстар негізінен екі бағыт бойынша жалғасады. Біріншісі, Мемлекет басшысының жаңа индустрияландыру саясатын жүйелі негізде одан әрі қалыптастыру әрі жүзеге асыру - жүйелі өнеркәсіптік саясат. Екіншісі, Индустрияландыру картасындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын үйлестіру», - деп атап өте келе осы бағыттарға жеке-жеке тоқталды.

Біріншіден, жүйелі өнеркәсіптік саясат қалыптастыру Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына енуі және қаржы дағдарысының төну қаупі ескеріле отырып жүргізілетін болады. Оның негізгі мақсаты ұлттық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қолданыстағы өнеркәсіптік базаларды жаңғырту және қайта құрылымдау, еңбек өнімділігін арттыру бойынша процестерді белсендіру, энергия тиімділігі және де толықтай алғандағы экономикалық дамудың тұрақтылығы болып қала береді. Бұл ретте маңызды міндеттердің бірі тұрақты жоғары өнімді  жұмыс орындарын құру екендігі сөзсіз. Демек, сапалы жұмыс орындарын қалыптастыру үшін қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыру қажет. Ал қажеттілік ағымдағы жылдан бастап «Қазақстан алюминийі», «Қазақмыс корпорациясы», «Қасфосфат» сынды ірі 6 кәсіпорынды жаңғыртудың кешенді жоспарын қолға алуға итермелеп отыр. Сонымен қатар «Өнімділік-2020» бағдарламасын жүзеге асыру, инвестиция тарту, Инвестиция жөніндегі ұлттық жоспарға қосымшалар енгізу, арнайы экономикалық аймақтарды, инновацияны, қазақстандық қамтуды дамыту сынды мәселелер де осы бағыт аясында егжей-тегжейлі қарастырылып, жүзеге асырылмақ. Осы орайда шұғыл шешім табуы тиісті жайттарға тоқталған министр: «Министрліктердің, әкімдіктердің, ұлттық компаниялардың барлық қызметтерін үйлестіру қажет. Олардың инновацияны дамытуға қалай әрекеттесетіндігі, инновациялық жобаларға қалай көмектесетіндігі бағдарламаларында, стратегияларында және даму жоспарларында көрініс табуы тиіс», - деді.

Министрдің атап өтуінше, екінші бағытта, яғни бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде жобалар бойынша жұмыстарды жүйелендіру маңызды болды. Индустрияландыру картасы, жобаларды қолдау тетіктері қалыптастырылды. Картаға енген жобалардың басым бөлігі белгілі бір мөлшерде мемлекеттік қолдауды да қажет етті. Қазіргі уақытта олар іске қосылып, өз жемісін беруде. «Карта - бұл жобалардың қарапайым жиынтығы емес. Бұл шеберлік жоспарлары мен салалық бағдарламалар ескерілген қосылған құн салығы тізбесі аясында қалыптасқан жобалар жүйесі. Барлық жобалар өнідірістік күшті орналастыру сызбасымен өзара тығыз болуы шарт», - деп атап өткен Ә Исекешевтің сөзіне қарағанда,  екі жылдың ішінде 389 жоба іске қосылған. Бұл ретте тау-кен металлургиялық кешені, көлік инфрақұрылымы, энергетика салаларында айтарлықтай жоғары тиімділікке қол жеткізілген.

Есте болса, ағымдағы жылғы Жолдауында Елбасы Үкіметке 11 ірі жобаны қолға алуды тапсырған болатын. Білек түріп, бел шеше кіріскен Үкімет олардың әрқайсысына жеке-жеке жұмыс тобын құрып, бесеуін, атап айтқанда, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қайта құру,  Балқаш жылу электр стансасын, Атырау облысында «КРІ» ЖШС-нің біріккен газхимия кешенін, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды терең өңдеу кешенін салу және «Бурабай» туристік орталығын құру жобаларын қосып та қойған.  Ал қалған Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіретін зауытты, Алматыда тау шаңғысы курортын, Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ газды қайта өңдеу зауытын, «Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырын, «Арқалық-Шұбаркөл», «Жезқазған-Бейнеу» темір жолдарын салу жобалары таяу аралықта картадан орын алмақ.

Сөзіне қорыта келе министр: «2012 жылы 2009 жылмен сәйкес Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып индустрияландыру президенттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қажетті барлық шаралар қабылданатын болады»,  деді.

Баяндамашыны мұқият тыңдаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов әңгіме ауанын өзін толғандырған мәселеге аудара келе Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевқа қарата: «Өкінішке орай, қаңтар айында экономикалық өсімнің баяулағанын байқап отырмыз. Яғни, қаңтардағы экономикалық өсім 4,8 пайызды құрады. Егер тереңірек қарар болсақ, онда өнеркәсіптік өсімде баяулаған. Сондықтан да Сізге, Экономикалық даму және сауда министрі ретінде  келесі сейсенбіге дейін факторлар бойынша сараптама жасауды тапсырамын», - деді. Сонымен қатар Елбасының 7 пайыздық өсімге қол жеткізу туралы  тапсырмасын орындау үшін кемшіліктерді түзету қажеттігін баса айта келе Б.Сағынтаевқа әлемдік үрдісті, Индустрияландыру картасын тағы бір шолып шығуды жүктеді. Сонымен қатар бюджет қаражатына салынған кәсіпорындардың өнім шығармай бос тұрып қалмауына баса назар аудару керектігін ескерткен Үкімет басшысы: «Өкінішке орай мұндай фактілер бар. Одан экономика да, басқа да мәселелер де зардап шегеді», - деді.

  

Тұтынушы құқығын қорғау жандана түспек

 

Осы Үкімет отырысында екінші мәселеге байланысты мінберге көтерілген ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғабидолла Әбдірахимов халыққа қызмет көрсету салаларында орын алып отырған кемшіліктерді жіпке тізіп шықты. Әсіресе, қылышын сүйреткен қыс мезгіліндегі бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлердегі жылудың қалыпты деңгейде болмай отыруы мәселесіне кеңінен тоқталған оның айтуынша, тіпті елорданың сол жағалауындағы әкімшілік бөлікте бой көтерген сәнді де, салтанатты «Версаль», «Жаңа әлем», «Дипломат», «Сол­түс­тік шұғыласы» сынды үйлердегі темпаратура төмен болып, тұрғындардың кейістігін тудырып отырған көрінеді. Мұндай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де тіркелген. Тіпті ауруханалар мен мектептерде де дәл осындай фактілер белгілі болып отыр. Сонымен қатар өз сөзінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстарды күшейту үшін Премьер-Министр орынбасарларының бірінің басшылығымен жұмыс тобын құру қажеттігін атап өткен ол: «Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп, Астана мен Алматы қалаларындағы, облыс орталықтарындағы денсаулық сақтау нысандарындағы температура режімі мен тамақтың сапасын бір апталық мерзімде тексеруі қажет», деді. Бұл орайда Ғ.Әбдірахимов екі апталық мерзімде елдің барлық қалалары мен аудандарының әкімдері де аталған жайттарға қатысты ақпараттарды агенттікке хабарлауы қажеттігін, дәл осындай жұмыстарды Білім және ғылым министрлігі білім беру және мектепке дейінгі мекемелерде жүргізуі керектігін баса айтты.

 

Оқушылардың демалыс маусымы өзгеріссіз қалады

 

Айтпақшы, Үкімет отырысы аяқталысымен дәлізде бұқаралық ақпарат құралдарының ортасында қалған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов қоғамды толғандырып отырған бірқатар мәселенің басын ашып берді. Журналистер тарапынан туындаған алғашқы сауал оқушылардың демалыс мерзіміне қатысты болды. «Менің министр ретіндегі жеке көзқарасым, Қазақстанда қалыптасқан дәстүр жаман емес. Егер де жыл бойы жылы болатын басқа елді алатын болсақ, онда балаға қашан және қай уақытта демалысқа шығуы маңызды емес. Дегенмен шұғыл континенталды климаты бар Қазақстанда қысқы  демалысты ұзарту меніңше өзін-өзі ақтамайды», - деген министр ағымдағы жылы оқушылардың демалыс мерзімдері өзгеріссіз қалатындығын баса айтты. өзіне демалыс мерзімін ұзарту, қысқартуға қатысты сауалдардың көптеп түсетіндігін атап өткен оның айтуынша, қазіргі таңда осы істі жан-жақты зерделеу үшін құрамында Парламент депутаттары, қоғам өкілдері бар арнайы комиссия құрылған. Сонымен қатар таяуда ғана енгізілген ұлттық университеттерге оқуға түсудің шекті баллына қатысты да түсінік берген министр: «Өткен жылғы емтиханның қорытындысына сәйкес біз ұлттық университеттердегі шекті баллды 70-ке дейін көтердік. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Неге десеңіздер, ұлттық университетке түсіп жатқан балалардың баллдары 80-нен жоғары болып отыр. Шекті 70 балл еліміздегі ұлттық университеттерге қатысты ғана қолданылады. Олардың саны Қазақстанда - 9. Біз оңтайлы балл 70 деп санадық және оның ұлғаюы таяу екі-үш жылдың ішінде болмайды Ал қалған университеттердің шекті баллы 60-ты құрайтын болады», - деді.