Жолдау жүктеген міндеттер: Оңтүстік Қазақстанда мақта талшықтарын тереңдете өңдеу көлемі арта түсуде - Асқар Мырзахметов
АЭА-нің және тұтастай алғанда кластердің даму келешегі туралы ҚазАқпарат тілшісіне ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов әңгімелеп берді.
- Асқар Исабекұлы, бүгінде АЭА-дағы жағдай қалай және жаңа өндірістер ашылуынан не күтуге болады?
- Бүгінде біз «Оңтүстік» АЭА аумағында жоспарланған үш фабриканың екеуінің ашылуының куәсі болып отырмыз. 2005 жылдың өзінде мақта кластері мен мата өнеркәсібін дамытуды қолдау үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Оңтүстік» АЭА құрылған болатын. Бүгінде жоспарға сәйкес екі фабрика пайдалануға беріліп отыр. Бұлар «Мақтаөнеркәсібі» ЖШС-ның құрамында мақта шикізаты бар гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасы және техникалық карбоксиметилцеллюлоза және «Oxy Textile»ЖШС-ның кешенді автоматтандырылған жіп-иіру фабрикасы. Ал осында салынып жатқан үшінші кәсіпорын «Ютекс-KZ» компаниясының дайын мақта талшықтарын шығаратын фабрикасы жыл соңына қарай ашылмақ. Барлық үш фабрика жобалық қуатына жеткенде, біз облыс аумағында өсірілетін мақта шикізаты мен мақта талшықтарының 40 пайызын өңдейтін боламыз.
- АЭА аумағында тағы басқа кәсіпорындар бола ма? Егер болса, қандай өндірістер және қашан?
- Біз аймақтың инфрақұрылымы құрылысымен байланысты барлық жұмыстарды аяқтағандықтан, жоғарыда айтылған кәсіпорындарды салумен және іске қосумен қатар қосымша инвестициялар тарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, нақты жобалардың бірі - біз қазір түріктің танымал «Чалык» холдингісімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, олар фабрикаға 300 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы салмақ, сонда 2 мыңға тарта жұмыс орындары құрылады. Бұл алдын ала уағдаластық, біз оған менің Түркияға сапарым барысында қол жеткіздік. Бұл ниет әбден нақты деп санаймын. Холдинг бізде кенеп маталарын шығаратын фабрика салуды жоспарлап отыр. Сонда біз Оңтүстік Қазақстанда өндрілетін барлық шикізаттың 70 пайызға жуығын өңдейміз.
- Арнайы экономикалық аймақ аумағында мақта өңдейтін кәсіпорындар ғана бола ма?
- Жоқ, олай емес. 2006 жылы Үкімет АЭА-ны мамандандыруды кеңейту жөнінде шешім қабылдаған болатын, соған сәйкес мұнда мақта кластерін ғана емес, тұтастай алғанда мата өнеркәсібін дамытуға болады. Сондықтан да 2009 жылы біз АЭА-да мамандандыруды кеңейту және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту және тағам өнімдері өндірісін құру жөнінде шешім қабылдадық. Мұның өзі жақсы мүмкіндік болады деп ойлаймын, сонда мұнда басқа бағытттарды да дамытып, басқа да кәсіпорындар құра аламыз.
- Іске қосылған кәсіпорындар жеделдете индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып отыр ғой, осы бағдарламаның ауқымында тағы қандай шараларды қолға алмақсыздар?
- Тұтастай алғанда, жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы ауқымында облыста ағымдағы жылы 23 жоба жоспарланып отыр. Оның 8-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді, соның үшеуі - қазір іске қосылып отыр. Жыл аяғына дейін кестеге сәйкес тағы 12 жоба іске қосылады. Осы 23 жоба бойынша 3 мың 784 жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Бұдан басқа өткен жылдан бері бізде өз қаржылық институтымыз - «Максимум» аймақтық инвестиция орталығы жұмыс жасап жатыр, осы «Максимум» желісі бойынша 2009 жылы 2 мыңға тарта жұмыс орындарын құрдық. Ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қазірдің өзінде 3 мың 163 жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Яғни, аймақтық инвестиция орталығы желісі арқылы 5 мыңнан астам жұмыс орындары ашылған.
- Бұдан бұрындары елдің арнайы экономикалық аймақтары өзінің көптеген жеңілдіктері мен преференцияларынан айырылған болатын. Бұл аймақтың инвестициялық тартымдылығына келеңсіз ықпал етуі мүмкін ғой. Осы преференцияларды қайтаруға үміт бар ма?
- Жеңілдіктерді қайтару мәселесіне қатысты айтарым: Жолдауға сәйкес Елбасы Үкіметке арнайы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң әзірлеуді тапсырды және осы жаңа заң жобасында АЭА кәсіпорындары үшін преференцияларды қалпына келтіру көзделіп отыр.
- Әңгімеңізге рахмет!