«Жаңа технологиялық құрылысқа ауысу, білім, ақпарат экономикасының дамуы кезеңінде адами капитал елдің экономикалық өсуінің маңызды факторы саналады. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, адами капиталдың 1 пайызға артуы еңбек өнімділігінің 3,81 пайызға өсуіне әкеледі. Сондықтан да Президент өзінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында оның ерекше маңыздылығын атап өтті. Бұған қоса, Жолдауда айтылған 5 басымдықтың ішінде адами капитал сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген», - деді Әлмұхамедова.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес адами капиталды дамыту және одан ары жоғарылату мақсатында бірнеше негізгі бағыт бойынша нақты іс-шаралар жүргізіледі. Атап айтқанда, олар білім беру, медицина және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларын қамтиды.
«Осы шаралардың ішінде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасына тоқталғым келеді. Бұл жобаға сәйкес мемлекет қазақстандықтарға алғашқы жұмыс мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік жасамақ», - деді ол.
Наиля Әлмұхамедова аталған жобаның сәтті жүзеге асуы жұмысыздық деңгейінің төмендеуіне және жаңа салаларға қажетті мамандарды дайындауға қосымша серпін береріне сенімді.
«Осы орайда білікті мамандарды дайындау үшін оқу үрдісіне өндірістегі оқытудың әлемдік тәжірибесін қамтитын қазіргі заманғы білім стандарттарын қолдану қажет», - деп түйіндеді ойын сарапшы.