Жолдауда көтерілген бастамалар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған - Айсұлу Ерниязова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазақстанның волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова Мемлекет басшысының бүгінгі халыққа Жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айсұлу Ерниязова Мемлекет басшысының Жолдауының кейбір тұстарына тоқталды.

«Қоғамдағы маңызды салалардың бірі- медицина. Бүгін Президент медициналық жабдықтардың 17% ғана Қазақстанда жасалатынын айтып, 2025 жылға қарай оның үлесін 50%-ға жеткізу туралы тапсырма берді. Бұл үлкен қадам.

Педагогтердің біліміне 1,2 трлн теңге бөлетін болды. Қазақстан мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастыруда. Бәрі білімге келіп тіреледі, ертеңгі болашақ ұрпағымыздың білімді болғаны бәрімізге керек. Сондықтан мұғалімдерді қолдау аса қажет деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы халық әкімнің жұмысын қалай бағалайтынын білу үшін тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар тетіктерін күшейту керектігін тілге тиек етті. Бұл прогресске деген ынтамызды жеделдетеді»,- деді Айсұлу Ерниязова.

Оның пікірінше, Жолдауда көтерілген бастамалар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

«Әйелдер мен жастар үшін бөлінетін квоталардан бөлек, ерекше мұқтаждығы бар адамдарға квота бөлінетін болды. Дамыған қоғамда баршаның құқығы бірдей ескерілуі тиіс. Сондықтан бұл да біздің қоғам үшін үлкен қадам болып отыр.

Президентімізге рахмет, осындай бағыт сілтеп бергені үшін. Мен әрбір мемлекеттік қызметкерге, депутат, дәрігер, педагог, волонтер, әрбір қызметкер мен Қазақстан азаматының атқаратын ісіне сәттілік тілеймін»,- деп қортындылады ол.