«Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында медицина саласындағы өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Жолдаудағы үшінші бағдар – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция. Әсіресе алдағы үш жылда резидентура бойынша бөлінетін грант санының 70 пайызға артатыны жағымды жаңалық болды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша кадр тапшылығы 321 бірлікті құрап отыр. Осы орайда жастардың өз елімізде тегін әрі сапалы жоғары білім алуына мүмкіндік жасау маңызды», - деді Тимур Мұратов.
Оның айтуынша, елорда халқы жыл сайын артып келеді. Сондықтан білікті мамандар қатары да толығып отыруы тиіс.
«Сондай-ақ медициналық оқу орындарының жанынан ауруханалар мен емханалар ашу студенттеріміздің тәжірибе алмасып, маман ретінде өсуіне жағдай жасайды. Бәсекеге қабілетті денсаулық саласының бірінші көрсеткіші – кәсіби мамандар, яғни білімді, тәжірибелі дәрігерлер. Президент осы мәселе төңірегінде нақты шешімдерді ортаға тастады. Жолдауда көп түйткілді мәселенің шешімі айқын көрініс тапқан. Әділетті қоғамның басты белгісі – әділетті тұрғындар. Жаңа Қазақстанның дамуы ең әуелі әр азаматтың өзіне тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн», - дейді басқарма басшысы.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейетіні туралы айтқан еді.
Сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылатыны айтылды.
Фото: tan.kz