Жолдауда тапсырылған міндеттерді елдің әрбір азаматы орындай білсе мемлекетіміз өркендей түсетіні белгілі - тарихшы

АЛМАТЫ. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы қаласы тарихының мұражайында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.

Аталған шараға Қайдар Алдажұманов, Құндызай Ерімбетова, Әуезхан Шашаеев және Сәуелбек Рүстемов сынды тарихшы ғалымдар мен студент жастар қатысып, биылғы Жолдаудың маңыздылығы мен ерекшелігі жайында баяндап, кеңінен талқылады.

Тарих ғылымының кандидаты Қ. Алдажұманов Елбасының биылғы халыққа Жолдауы еліміздің қазіргі және келешектегі даму барысын айқындап берген маңызы бар тарихи құжат деп қабылдаған жөн екендігін айтады. «Аталған Жолдауда бұрынғы алға қойылған міндеттердің қалай орындалғандығы баяндалып, келешекке жаңа мақсаттар қойылды. Мәселен, ғылым, білім саласын дамыту, әлеуметтік саланы көтеру, сонымен қатар Тәуелсіздік алғаннан бергі еліміздің әлемдік қауымдастықта қандай жетістіктерге жетіп, беделінің артқаны баяндалады. Жолдауда тапсырылған міндеттерді елдің әрбір азаматы орындай білсе мемлекетіміз өркендей түсетіні белгілі», -дейді ол.

Ал Қ. Ерімбетова биылғы Жолдаудың ерекшелігі халықтарды ынтымақтастыққа, тұтастыққа шақыру идеясы көрініс тауып отырғандығын айтып өтті.