Жолдаудағы міндеттер орындалса, аграрлық салаға серпіліс әкелері сөзсіз -кәсіпкер

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауында айтылған аграрлық салада бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, оны экспортқа шығару мәселесін жолға қою тапсырмасына Сыр өңірі еңбекшілері үлкен қолдау білдіріп отыр. Шиелі ауданы «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков ол ауылдың кейпін жақсартуға өз септігін тигізетінін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Расында, біздің еліміз үшін аграрлық саланың орны ерекше. Ел тұрғындарының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Олардың негізгі тіршілігі - ауыл шаруашылығы.

«Елбасы Жолдауында Қазақстан халқына ауыл шаруашылығы саласы бойынша бәсекеге қабілетті өнімдерді мол өндіріп, оны экспортқа шығарып, еліміздің бюджетін тұрақты түрде толықтыра алатын жетекші салаға айналдыру міндетін қойды. Ол үшін ауыл шаруашылығына білікті мамандарды тартып, жаңа технологиялар бойынша жаппай оқытуды тапсырды. Осылайша, экономиканың өзге салалары сияқты агроөнеркәсіп саласы да бәсекеге қабілетті бола алады. Бұл бір жағынан ауылдағы көңіл-күйді жақсартады, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтыла бастайды, екінші жағынан, ауылдың кейпін көркейтуге мүмкіндік туады», - деді Д. Жұмбеков.

Өткен жылы шаруашылық 800 гектар алқапқа күріш екті. Оның әр гектарыннан 70 центнерден өнім алынған.

«Жолдауда Елбасы «2022 жылға қарай еңбек өнімділігін ұлғайтып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыру керек. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын заманауи агротехнологияларды тартуға бағыттау керек» деп атап өтті», - деді Д. Жұмбеков.

Ол Елбасының «Ауыл шаруашылығы мамандарын жаңа технологиялар бойынша жаппай оқыту керек. Осы мақсатта және ғылымға жыл сайын 100 млрд. теңгеден кем емес қаржы қарастыруды Үкіметке тапсырамын» деген міндеттемесі аграрлық салаға үлкен бетбұрыс жасайтынын айтады.