Жолдауды іске асыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мәселелері талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобы Орыс, славян және казак этномәдени бірлестіктері қауымдастығымен бірлесіп, республикалық конференция өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы – Президенттің « Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері » атты Жолдауын және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында белгіленген тапсырмаларды іс жүзінде жүзеге асыру болды. Сонымен қатар қатысушылар мемлекеттік тілді өңірлерде ілгерілетуге, жалпы Қазақстандағы тілдік және мәдени әралуандықты сақтауға бағытталған өз бастамаларын ортаға салды.

Фото: Kazinform

«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің іске асырылу барысына арналған республикалық конференция түрлі мамандық пен ұлт өкілдерінің басын қосты. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің басшылығы мен мүшелері, құрамында Құрылтай депутаттары да бар «Бірлік» қоғамдық тобының өкілдері, сондай-ақ еліміздің этномәдени бірлестіктері қатысты.

Қатысушылар үш негізгі бағытқа баса назар аударды. Біріншісі – Президент Жолдауының саяси реформалар мен конституциялық өзгерістердің заңды жалғасы ретіндегі маңызы.

Фото: Kazinform

Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің төрағасы Марат Әзілхановтың атап өтуінше, Жолдау «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын одан әрі дамытып, оларды нақты экономикалық негізбен толықтырады. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» жобасы арқылы экономиканы қайта іске қосу, Ұлттық қор қаражатын инвестициялық саясатқа бағыттау және банк ресурстарын тиімді пайдалану көзделген.

Екінші бағыт – еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау басты құндылық әрі ортақ міндет екені конференция барысында бірнеше рет аталып өтті. Қатысушылар этномәдени бірлестіктердің этносаралық татулық пен тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ еліміздің тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге қосып келе жатқан зор үлесін ерекше тоқталды.

Фото: Kazinform

Атап айтқанда, Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының (АРСК) Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобымен бірлескен жұмысы азаматтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі екені айтылды. Сондай-ақ Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастымен «Бірлік» қоғамдық тобының бірлескен жұмысы өңірлік диалогты дамытудың тиімді бағытын қалыптастырып, азаматтық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Қатысушылар қазақ тілі – ұлт бірлігінің мызғымас тірегі, ал оны білу мен үйрену бейбітшілік, өзара түсіністік пен қоғамдық келісімнің басты кепілі деген Мемлекет басшысының ұстанымын қолдайтынын білдірді.

Өз кезегінде Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобының төрағасы Иван Георгиади Мемлекет басшысының қазақ тілін басқа тілдерге қарсы қоюға жол бермеу, сондай-ақ қоғамды бөлшектеуге бағытталған кез келген арандатушылық пен тіл мәселесін жікке бөлудің құралы ретінде пайдалануға жасалған әрекеттердің жолын қатаң кесу қажеттігі туралы пікіріне қолдау білдірді.

Фото: Kazinform

Бұл ұстанымды Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының өкілдері де белсенді қолдады. Олардың қатарында Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобының өкілі Сергей Пономарев мемлекеттік тілді меңгеру кәсіби тұрғыдан дамуға, елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға кең мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар этностық тегіне қарамастан, қазақстандықтардың ортақ азаматтық бірегейлігін нығайтуға ықпал етеді.

Жалпыұлттық бірліктің негізгі факторы – мемлекеттік тіл екені, ал оның дамуы жүйелі әрі табиғи түрде жүзеге асуы тиіс екені атап өтілді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде қазақ тілі бүгінде этносаралық қарым-қатынастың толыққанды құралына айналып келеді.

Қазақ тілін дамыту мен оны оқытудың айрықша маңызын атап өткен отырысқа қатысушылар тілді тиімді меңгеруге бағытталған бірқатар практикалық ұсыныстар мен тетіктерді әзірледі. Атап айтқанда, барлық жастағы азаматтар үшін тілді үйренуді қолжетімді, жылдам әрі түсінікті ететін заманауи цифрлық білім беру платформаларын, мобильді қосымшалар мен жасанды интеллект технологиялары қолданылатын IT өнімдерін кеңінен енгізіп, олардың ауқымын кеңейту ұсынылды.

Фото: Kazinform

Сергей Пономарев балалар мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жазып, оқи білуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның ортақ шаңырағы астында көптеген этнос өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын айтып, әр халықтың мәдениетін өзара құрметтеудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, өзара құрмет – еліміздің әл-ауқаты мен өркендеуінің басты кепілі.

Қазақстан Халық Кеңесінің алдағы жұмыс бағыттары туралы Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович пен Хатшылықтың салалық бөлімінің басшысы Ғалым Шойкин өз ойларымен бөлісті. Баяндамашылар Халық Кеңесінің мандаты этномәдени бірлестіктердің ел дамуына қатысты жалпыұлттық міндеттерді талқылау мен шешуге қатысуына жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

Бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық келісім моделінің аясында ғана жұмыс істесе, енді Қазақстан Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктерді азаматтық қоғамның басқа да институттарымен қатар елдің даму үдерістеріне кеңінен тартуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Олардың айтуынша, мұндай формат Халық Кеңесіне азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіре отырып, қоғамдық келісімді қамтамасыз етуден бастап өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына дейінгі барлық салада азаматтардың өзекті сұраныстарын уақытылы ескеруге мүмкіндік береді.

Аталған мәселелер бойынша өз ұсыныстарын Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобының мүшесі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы Наталья Калашникова, сондай-ақ депутат Шерзод Пулатов пен басқа да қатысушылар ортаға салды. Олар қазіргі кезеңде халық бірлігі мен елдегі қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолында Халық Кеңесі мен тұтас қоғамның күш-жігерін ұштастыру маңызды екенін атап өтті.

Күн тәртібіне сондай-ақ халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру, жасанды интеллектіні қолдана отырып мемлекеттік басқару жүйесін реформалау және жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимыл тетіктері, өңірлердің мүдделерін қорғау және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қоғамдық бастамаларды ілгерілету мәселелері енгізілді.

Экономика және инфрақұрылым саласында «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру мен өңірлердегі көлік желілерін жаңғыртуға қоғамдық бақылау жасау тетіктері, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау, инфляцияны тежеу және халықтың табысын арттыру шаралары қаралды. Сарапшылар мен қоғам өкілдері су ресурстары мен энергетика мәселелеріне де ерекше назар аударып, ауыл шаруашылығында суды ұтымды пайдалану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту және елімізде тұрақты энергетикалық профицитті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар ұсынды.

Талқылау қорытындысы бойынша қорытынды қарар қабылданды.

Құжатта Мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық, сараптамалық және ақпараттық-түсіндіру тұрғысынан қолдау, сондай-ақ жалпыұлттық келісім мен ел дамуының негізгі факторы ретінде мемлекеттік тілді жүйелі түрде ілгерілету бойынша Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің, «Бірлік» тобы өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің бірлескен іс-қимыл жоспары мен нақты ұсынымдары бекітілді.