Жолдауды тиімді жүзеге асыруда пассионарий жастар керек - Данияр Манарбекұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында мектеп оқушылары мен студенттерге арналған танымдық семинар-тренингтер циклы жалғасып жатыр. «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп жатқан шараның кезекті спикері - «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Манарбекұлы. Данияр мырза «Пассионарий болу дегеніміз...» тақырыбында Қостанай және Қарағанды облысы жастары алдында сөз сөйлеп, мемлекет басшысы жолдауының маңызды тұстарына тоқталды.

- Семинар-тренинг аясында Сіз Елбасының бүгінгі «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының  маңызы турасында да егжей-тегжейлі айтып өттіңіз...

- Иә, өзара диалог форматында өткен бұл Жолдауда келер жылдың «Жастар жылы» болып белгіленуі жас буынның өкілі ретінде қуана қабылдаған жаңалығым болды. Жастар мәселесі дегенде әлбетте екі проблеманың басы қылтияды: жұмыс пен баспана. Мұның екеуі де әлеуметтік мәселелер.  Бұл тұрғыда, Елбасы Жолдауының басым бөлігі әлеуметтік бағытта болғаны құптарлық. Осы орайда, ең төменгі жалақының көтерілуі мен «7-25-20» бағдарламасындағы алғашқы жарнаны төмендетуді қарастыруды тапсырғаны да жастарға көмек болары сөзсіз. Бұған қоса, бизнеске салықтық рақымшылық жасау мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылуы да жастарды кәсіпкерлікке көптеп тартып, ынталандыруға зор көмек болмақ. Өйткені, бұл бағдарлама бизнесін жалғастырып жатқандар үшін ғана емес, енді бастап жатқан өскелең ұрпақ үшін де септігі мол боларына сенім мол.

- Сіздің семинарыңыз жастар арасындағы пассионарлық тақырыбына арналды. Неліктен?

- Пассионарий - озық мұрат үшін үлкен тәуекелге баруға дайын тұлға. Тоқтаусыз ізденістің соңында жүретін ондай жандар маңайына шуағын шашып жүріп, кеудесіне ұялаған озық идеяны өзгеге бірте-бірте сіңіре бастайды. Сол арқылы жанына пікірлес жандардың шоғырын қалыптастырғанын өзі де байқамай қалады. Озық идеясы арқылы магнитше тарта білетін оның батыл мінезі әрі-беріден соң нағыз көшбасшыға лайық тұлғаларды өз маңайына топтастырады. 

- Қазіргі жастар арасында пассионарийлер көп пе?

- Қазірде жастар арасында бизнес, ғылым мен медиа және басқа саладағы жігерлілікті, қайсарлықты байқаймын. Олардың арасында нағыз пассионарийлер көп. Теоретик мамандардың айтуына сенсек, жастардың жылдам жұмыла білетін қабілеті мен сыни ойлай алатын қасиеті үлкен өзгеріске алып келе алады. Жолдауды тиімді жүзеге асыруда да пассионарий жастар қоғамға көптеп керек. Менің мақсатым да осы. Көп нәрсе жастардың өзіне байланысты екеніне көз жеткіздіру.

 

Әңгімелескен Қанат Әуесбай