Жолдауды Ұлы дала елінің стратегиялық жоспары деуге болады - Ералы Тоғжанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бұл Жолдауды Ұлы дала елінің экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және ғылыми дамуының стратегиялық жоспары деуге болады, деді ҚХА төрағасының орынбасары Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов бүгін Алматыда республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен жиында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізінен, бұл Жолдауды Ұлы дала елінің экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және ғылыми дамуының стратегиялық жоспары деуге болады. Мемлекет басшысы күн тәртібіне Қазақстанның үшінші жаңғыруы жөнінде міндет қойып отыр. Мақсаты - еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру», - деді Тоғжанов баяндамасында.

 

Оның айтуынша, бұл жаңғыру қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына, болашаққа бастайтын сенімді көпір.

«Бұл Жолдау - қазақстандық бірегейлік пен бірліктің, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың экономикалық, әлеуметтің нығаюы мен дамуының алгоритмі немесе тиімді жолы. Президент Үшінші жаңғырудың негізгі бес басымдығын айқындап берді: экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы, дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, еңбек нарығын жаңғырту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту, институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл мақсаттарға жету үшін «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық ауқымды жоспары әзірленеді», - деді Ералы Тоғжанов.

 

Алқалы жиында басты баяндама жасаған Тоғжанов: «Нәтижелі реформа жасау белгілі мерзімге немесе жариялау уақытына байланысты. Ерте жарияланса қоғамның түсінуі қиын, кеш жарияланса мемлекет дамуын тежейді» деген пікір айтты.

«Біздің Мемлекет басшысының саяси көрегендігі - осы уақыт мәселесін дөп басып, реформаны мерзімі піскен кезде жариялап отыр. Біз 25 жыл ішінде кезең-кезеңмен бүгінгі Жолдау мақсаттарының фундаментін құрап келдік. Ол, ең алдымен, біздің бірлігіміз арқасында жеткен жетістіктеріміз; білімді қоғам Интелектуалды ұлт тәрбиелеу; Болашағына нық сенімді Біртұтас Ұлт қалыптастыру. Міне осы негіздер бүгін бізге - алдымызға Ұлы мұрат, Биік мақсат қойюға, әлемдік өркениетте өзіміздің орнымызды ойып алуға, Мәңгілік елдің негізін құрауға мүмкіндік беріп отыр», - деді ҚХА төрағасының орынбасары.