«Қазақстан-2050» Стратегиясының басым бағыттары талқыланған шараға облыстық прокуратура, сот және қаржы полициясы, ішкі істер департаментінің қызметкерлері қатысты. Кездесуде С.Ақылбай Президент Н.Назарбаевтың құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру саласындағы міндеттеріне тоқталды. Сенатор сондай-ақ ескерту, алдын алу, сыбайлас жемқорлық жөніндегі құқық бұзушылықтары үшін жазалау саласындағы құқықтық жазаны нығайту жөніндегі заңнамалық шаралар төңірегінде әңгіме өрбітті. Бұдан бөлек, Егіндібұлақ және Қарқалалы аудандарындағы сайлаушылармен кездесулерде депутаттар аграрлық кешенді, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, әлеуметтік саланы нығайту саласындағы мемлекеттік саясат бағыттарын құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету туралы хабардар етті.
Ал Сенат депутаттары Лаззат Тұрлашов, Нұрлан Сүлейменов, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Мәулен Әшімбаев, Үсенгелді Медеуов, Қуаныш Сұлтановтар Алматы облысы, Іле ауданындағы кездесулерінде «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауының ережелерін түсіндіруге баса назар аударылды. Сапар аясында депутаттар әлеуметтік және өндірістік сала нысандарында болды. «Медиятекс» аяқ киім тігу бірлестігіндегі, «Алатау Құс», «Сарыбұлақ» жергілікті құс фабрикаларының жұмысшыларымен кездесулерде депутаттар мемлекеттік даму бағдарламаларын заңнамалық қамтамасыз ету тұрғысында Парламенттің алдағы он жылға жоспары туралы әңгімелеп, сайлаушылардың сауалдарына жауап берді.
Кездесу барысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты Борис Артемов, аудандық мәслихат депутаты Ғалия Нәдірбекова, «Нұр Отан» партиясы жастар қанатының мүшесі Жасұлан Рамазан аймақтық даму, экономиканы индустрияландыру, агроөнеркәсіп кешенін нығайту, еңбекке тарту, жастар саясатын мәселелерін шешу саласында Алматы облысында мемлекеттік саясатты іске асыру барысын жеткізді.