«Елбасы өз Жолдауында Қазақстан 25 жылдың ішінде 2 жаңғырудан өткендігін айтты. Бірі - жаңа нарықтық экономика құру. Яғни жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту болды. Екінші жаңғыруда стратегиямызды айшықтап, жаңа Астанамызды салдық. Енді үшінші жаңғыру - жаһандық бәсекелестікке, әсіресе технология саласында әлемде орын алып жатқан жаңалықтарға, тікелей айтсақ технологиялық революцияға байланысты. Біз сол бәсекеден қалыспауымыз керек», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның алдына өршіл міндет қойып отыр.
«Жолдауда бес бағыт бар. Жалпы осы 5 бағыттың қай-қайсысын алып қарасақ та, бізді, «Атамекенді» қуантатындығы олардың барлығында да кәсіпкерлікке орын бар. Яғни, кәсіпкерліктің қатысуымен жүзеге асырылады. Мұнан бөлек кей бағыттың тікелей кәсіпкерлікке арналғандығы байқалады», - деді Мырзахметов.
Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Елбасы Жолдауының 5 бағытына жеке-жеке тоқталып өтті.
«Біріншісі - технологиялық жаңғыру. Өздеріңіз де соңғы 10 жылда, көзді ашып-жұмғанша технологияның қандай сатыларға көшіп жатқандығын көріп отырсыздар. Қазір ауылдық жерде де интернет, ұялы телефон бар. Смартфон арқылы кез келген адам ақпарат алып, жеткізе алады. Ақпарат алу жылдамдығы күрт өсуде. Қоғамдағы өзгерістердің өзі де сандық технологияға байланысты. Біз арнайы сараптама жасап отырамыз. Осыдан 10 жыл бұрын әлемнің бай 5 компаниясының 4-еуі шикізат секторында болса тек біреуі ғана сандық технология саласында еді. Қазір алып компаниялардың барлығы да жаңа технологияларға қатысты», - деді ол.
Жолдаудағы келесі басым бағыты - кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау.
«Егемен ел болғалы бері осы күнге дейін кәсіпкерлікті аяққа тұрғызу, нарықтық экономиканы жолға қою бұл Елбасының ең үлкен стратегиясының бірі. Оған біз де куәміз. Соңғы 3-4 жылда Атамекен Үкіметпен бірлесіп, атсалысып та келеді», - деді басқарма төрағасы.
Ол макроэкономикалық тұрақтылық, адам капиталы сынды бағыттар да ел экономикасына өсіміне зор үлес қосатындығын айтты.
«Жаңа технологияны, жаңа салаларды даму үшін адам капиталы керек. Бұл жастарға, олардың біліміне байланысты. Ауылдық мектептен бастап біздің жоғары оқу орындарын дейін осы жаңа талапқа бейімделуі тиіс. Меніңше, мұның барлығы үлкен мақсат. Оны біз жүзеге асыруымыз қажет. Елбасы 5-ші атаған бағыт ол институционалдық реформа. Онда қазіргі әлемде орын алып отырған терроризм, экстремизм сынды қиындықтар, жемқорлық мәселелері қамтылған. Олардың барлығы бойынша үлкен міндеттер қойылып, нақты тапсырмалар Үкіметке берілді», - деп түйіндеді ойын Мырзахметов.
19:10, 31 Қаңтар 2017
Жолдаудың кәсіпкерліктің қатысуымен жүзеге асырылатындығы қуантады - Мырзахметов
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының барлық бағыты кәсіпкерліктің қатысумен жүзеге асырылатындығы қуантады. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.