Жолдың сапасыз салынуының бір себебі – білікті маманның жетіспеушілігі

Солтүстік Қазақстан облысында биыл республикалық маңызы бар жолдарда 24 нысан іріктеліп алынып, 420 сынама жасалды, соның 121-і нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сай болмай шықты. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалы сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Арман Тұрасимов Kazinform тілшісіне жолдың сапасыз салынуына не себеп екенін тізіп берді.

Фото: «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ

СҚО-да салынған жолдардың сапасы көңіл көншітпейді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалы биыл жол-құрылыс маусымында атқарылған жұмыс пен материалдардың сапасын бақылау мақсатында өңір бойынша шамамен 163 жөндеу нысанын іріктеп алды. Оның ішінде республикалық, облыстық, аудандық жолдар және елді мекендер мен қала көшелері бар, 434 инспекциялық тексеріс жүргізді. Нәтижесінде талапқа сай келмейтін 190 олқылық анықталды, олардың 112-сі қазіргі уақытта жойылды және 78-і бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал жол-құрылыс материалдарының 1555 сынамасы іріктеліп алынса, соның 559-ы - сыналған сынамалардың 36% нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмейді.

«Республикалық желі бойынша 24 нысанды қамтыдық, осы нысандарға 151 тексеріс жүргізіліп, 420 сынама алынды, оның 121-і нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмейді, бұдан басқа тексерілген аумақта 61 олқылық анықталды. Бүгінгі күні оның барлығы жойылды.

Облыстық автожолдар бойынша да атқарылған жұмыс пен материалдардың сапасын тексеру мақсатында 14 нысанды іріктеп алдық, нәтижесінде 331 сынама алынды, олардың 121-і нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмейді. Олардың ішінде параметрлері бойынша негізгі сәйкессіздіктер: суға қанығуы, тығыздық коэффициенті, сығымдау беріктігінің шегі. Инспекциялық тексеріс нәтижелері бойынша 79 ақау анықталды. Бүгінгі таңда оның 47-сі бойынша олқылық жойылды.

Аудандық автожолдарда іріктеліп алынған 28 нысанда жұмыс пен материалдардың сапасы тексерілді. 45 тексеріс жүргізіп, 302 сынама алдық, олардың 102-сі нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмейді, анықталған 24 олқылықтың тек үшеуі ғана жойылды», - дейді Арман Тұрасимов.

Фото: «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ

Көше-жол желісі бойынша да талапқа сәйкессіздік анықталған. Маманның айтуынша, Петропавлда және елді мекендерде жөнделген көшелерден алынған 502 сынаманың жартысына жуығы нормадан алшақтап кеткен. Ал инспекциялық тексеру кезінде 26 олқылық анықталды. Соның ішінде асфалттің тиісті негізсіз төселуі, үстінен басу технологиясының бұзылуы, жаңадан төселген жабынның тегіс болмауы, шөгуі және басқалары. Бүгінгі таңда барлық 25 ескерту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкессіздік көбіне қажетті техника мен жабдықтардың болмауынан, білікті мамандардың жетіспеушілігінен, мердігер ұйымның бұл салада тиісті тәжірибесінің жоқтығынан болады.

Сонымен қатар, құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде нормативтік-техникалық құжаттама талаптарының сақталуын техникалық қадағалау инженерлік қызметі бақылауы тиіс. Мұндағы мамандар операциялық бақылауды да жүзеге асырады. Алайда бұл инженерлер әрдайым өз орындарында бола бермейді, өйткені олар бірнеше ұйымда қатарынан жұмыс істейді, мұның бәрі инженерлік қызметтің сапасыз жұмыс істеуіне әкеледі. Биыл филиал осы фактілер бойынша құзырлы мекемелермен бірге 1 531 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданды», - дейді бөлім басшысы.

Фото: «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ

Жолдың сапасына материал да бірінші кезекте әсер етеді. Жұмыс талапқа сай орындалуы үшін фракциялық қиыршық тас, битум, цемент және т.б. сапалы инертті материалдар болуы керек.

«Асфальтбетон қоспасын жасауда ең маңызды материал - битум. Битум Қазақстанда да, ТМД елдерінде де шығарылады. Осы құрылыс материалын шығаратын Қазақстанның барлық зауыттары кедендік стандарттарды ұстанады. Ол асфальтбетон қоспасының негізгі құрамдас бөлігі болғандықтан, сапасына байланысты битум параметрлеріне қатаң бақылау жүргізіледі. Осы жылы біздің филиал жергілікті Асфальт-бетон зауытынан 9 сынама алды, оның 7-і талаптарына сәйкес келмейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11% аз», - дейді Арман Тұрасимов.

Фото: «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ

2019 жылдан бастап осы күнге дейін филиалда ескірген аспаптар ауыстырылды, сондай-ақ жол белгілерін тексеру және таңбалау үшін жаңа пресс жабдықтар, ретрорефлектометор сатып алынды. Сонымен қатар, мекемеде жылжымалы жол зертханасы бар, ол камералармен және компьютермен жабдықталған, бұл техника автожолдың геометриялық параметрлері бойынша жұмысты орындайды, соның ішінде жолдың тегістігін, ұзындығын, беріктігін анықтап, олқылықтың бейнежазбасын жүргізеді.

«Автомобиль жолдары туралы Заңға сәйкес филиалға республикалық, облыстық, аудандық жолдарды, қалалар мен елді мекендердің көшелерін орташа жөндеу жобаларының нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігіне ведомстволық сараптама жүргізу өкілеттігі берілді. Бүгінгі дейін 97 өтінім орындалды.

Осылайша, филиал нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сай келмейтін жобаларды ведомстволық сараптама барысында анықтап, 6,5 млрд теңге үнемдеді. Жобалаушылар негізсіз көлемдерді ұлғайтып жіберген», - дейді Арман Тұрасимов.