«Жолдың талапқа сай және ақылы болуы көлік апатын азайта ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 қыркүйек, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымында «Әлеуеті мол әріптестік» деген көлемді мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесті. Бес мың жылдық тарихы бар Иран мемлекеті - әлемдік қатынастарда өзіндік рөл атқаратын, экономикасы дамыған қуатты елдердің бірі. Бұл елдің біздің ата-бабаларымызбен қарым-қатынасы тым көне замандардан басталады. Біз көне тарихта Иран мен Тұран елдерінің қатар өмір сүргендігін білеміз. Мұнан кейінгі Парсы мемлекеттігі кезеңінде бұл халық әлемдік өркениет пен мәдениетте соңынан із қалдырған үлкен елге айналып, жан-жағына ықпалын жүргізіп тұрды. «Ал енді қазіргі Иран жағдайына келсек, өзіндік ядролық бағдарламасына сәйкес, Батыс елдері, соның ішінде АҚШ-пен бірқатар кикілжіңді жағдайларды бастан кешіргенімен, көнеден келе жатқан қуатты ел әлемдік аренадағы өз орнын сақтап қалып отыр. Жалпы, Иран экономикасының дамуында мұнай мен газдың және елдің орналасқан географиялық орнының маңызы зор. Бұл ел өзінің мұнай қоры жөнінен әлемде үшінші орын алса, газ қорының көлемі жағынан бірінші орында тұр», - деп жазады басылым.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Ойлауға үйрететін оқу құралы» атты мақала басылды. Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының «Критикалық ойлау» жобасы негізінде жазылған «Критикалық ойлау негіздері» атты жаңа оқу құралының тұсауы кесілді. Оқу құралы қарапайым тілмен, күнделікті өмірден алынған мысалдармен көмкеріліп әрі халықаралық озық тәжірибелерді пайдалану арқылы жазылыпты. Кітапты жазу барысында америкалық және ағылшындық мамандардың еңбектерін жан-жақты саралауға да тура келген. «Критикалық ойлау негіздері» қазақстандық оқырмандарға арналып жазылған тұңғыш оқу құралы болып табылады. Ғ.Бекахметовтің сөзіне қарағанда, кітап оқушыларға, студенттерге, тіпті, қалың оқырманға арналған. Әсіресе, бұл туындының студенттер үшін маңызы зор. Өйткені, еліміздегі халықаралық талаптарға сай ең белді оқу ордасы саналатын «Назарбаев Университеті» критикалық ойлаудан емтихан алып келеді. Сондықтан да кітап авторлары өз туындыларының әрбір саналы қазақстандықтың жұмыс үстелінің үстінен орын аларына сенімді.

***

«Айқын» басылымында «Он жылдан бері ойланып отырмыз» атты мақала берілген. Елдегі демографиялық дүмпудің дүрк көтерілгеніне қарамастан кейінгі 10 жылда 4 облыста халық өсімі күрт төмендеп бара жатыр. «Әсіресе, Солтүстік Қазақстанда аталған мерзімде тұрғындардың саны 100 мыңға кемігені қатты байқалады. Ал Шығыс Қазақстанда - 60 мыңға, Қостанайда - 35 мыңға, Ақмола облысында 15 мыңға дейін азайған. Мұның салдарынан мыңдаған ауылдар қаңырап қалып, жүздеген мектептер жабылып жатыр. Сонда он жыл бойына осы жағымсыз үдерісті үнсіз ғана бақылап отырмыз ба?! Жылыстап кеткен жүзмыңдаған жұрттың «жоғын жоқтамай», орнын толтырмай жайылып жатқанымыз қалай?!», - деп жазады газет.

- Мәселен, соңғы бес жылдың өзінде Шығыс Қазақстан облысында 70-тен астам мектеп оқитын оқушының жоқтығынан жұмысын тоқтатып отыр. Демек, бұл жүздеген елді мекендегі тіршіліктің тоқтағанының белгісі, - дейді кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов. - Осыған орай, Мәжілістің жақында ашылған төртінші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға тездетіп бірнеше заң жобасын қарауды тапсырды. Әрине, оның бірі де бірегейі - халықтың көші-қонына қатысты құжат. Сараптап қараңыз, тұрғындардың біркелкі емес, көшіп-қонуының салдарынан Қазақстанның жекелеген өңірлерінде экономикалық тұрғыда белсенді азаматтардың кемуі, жұмыс күшінің тапшылығы, мектептердің жабылуы және соның салдарынан елдімекендердің жойылуы, ауылшаруашылығы құрылымдарының азаюы сияқты мәселелерді туындатып, жалпы, өңірлердің, кәсіпкерліктің және шаруашылық қызметтің дамуына теріс әсер етуде. Сондықтан да сырттан келетін қандастар мен ішкі көші-қонды тұрғындары азайған аймақтарға бұру мен оларды орналастыруға мүмкіндік беретін шарттарды заңға қосуды жоспарлап жатырмыз, - дейді депутат.

Осы басылымдағы «Көкейдегі сауал» айдарында « Жолдың талапқа сай және ақылы болуы көлік апатын азайта ма?» деген мәселе көтеріліп отыр. Бұл тұрғыда газет бірқатар азаматтардың пікірін ортаға салды. Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты: - Көптеген шетелдерде күре жолдар ақылы. Алайда олардың автобаны да, қарапайым көлік жолдары да заман талабына сай. Біріншіден, ақылы жолдың сапасы ақысына сай болуы тиіс. Екіншіден, ақылы жол талапқа сай, сапалы әрі халықаралық стандарттар ескеріліп салынуы тиіс. Үшіншіден, елімізде сан түрлі сылтаумен күрежол ақысы әлсін-әлсін көтерілмегені жөн. Ол халықтың қалтасына әсер етеді. Төртіншіден, ел Үкіметі «мемлекет қазынасын толтырамыз» дегенді желеу етіп, тек қана республикалық маңызы бар жолдарды талапқа сай салып қана қоймай, баламалы жолдарды салып, оларды жөндеуді назардан шығармағаны абзал. Ақылы жол - жол апатын азайта ма, жоқ па? Бұл көлікті тізгіндеген жүргізушіге байланысты. Өйткені ішімдік ішіп алып, автобанмен жүйіткитін болса, онда мұның соңы ауыр зардапқа соқтырады. Бәрі де көлік жүргізушінің өзіне байланысты.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «В петле переходного возраста» деген тақырыппен жасөспірімдер суицидологы Татьяна Дегтярьмен арадағы сұхбат беріліп отыр.

Оның сөзіне қарағанда, суицидтік әрекеттер 13 жасқа дейінгі балаларда салыстырмалы түрде сирек кездеседі. Ал 14 жастан бастап суицидтік белсенділік лезде артады. «Бірақ, суицидтік мінез-құлық - ол әр кезде өзіне өзі қол жұмсау емес. Өзіне қол салу әрекеті баланың көмек туралы ішкі жан айқайын білдіреді. Біреулері осы арқылы жақындарына қаншалықты ашынғандығын, кейбіреулері жаман қарым-қатынаста болған адамдардың өкінішін көргісі келеді. Сонымен қатар біреулері өздерін шынымен де жақсы көретіндігін анықтап жатады»,-дейді Т. Дегтярь.