Жолға қонған тікұшаққа қатысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық жолға қонған тікұшаққа қатысты ҚР Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді.

Бұған дейін хабарланғандай , Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында Шымкент-Самара тас жолының бойында боран кезінде адасып кеткен тікұшақ қонып, олар жүргізушілерден бағыт сұраған. Әлеуметтік желіде жарияланған роликте тікұшақ еліміздің қорғаныс саласына тиісілі екендігі айтылған болатын.

«ҚР ҚК Әскери-әуе күштерінің Ми-8МТ тікұшағы жергілікті тұрғындарды бақылау әдісімен визуальды бағдарлауды қалыптастыру мәселесін пысықтай отырып, әскери оқу-жаттығу тапсырмасын орындады. Экипаж автокөлік жолына қонып, жақын жерде орналасқан елді мекендерді нақтылады, қайта ұшып, оқу-жаттығу тапсырмасын аяқтады», деп мәлім етті ҚР Қорғаныс министрлігі.

Қазіргі уақытта тікұшақ әуеайлақ базасында тұр.

«Армия авиациясындағы ұшу құрамының жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес түрлі навигациялар тәсілдерін пысықтау бағыты және ұшу даярлығының курсына сәйкес жерлерді (ұшуларды), оның ішінде ауа-райының бұзылуы кезінде бағдарлауды жүргізу бойынша ұшуды орындайды», - делінген түсініктемеде.