Жолсеріктер билетсіз жолаушыны Қызылордадан Шымкентке 5 мың теңгеге жеткізеді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда теміржол вокзалында жолаушылар пойызына билетсіз міну деректері орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жағдайлар билет мәселесіне байланысты жағдайды зерттеу және жолсеріктер қызметінде сыбайлас жемқорлық фактілерін жан-жақты саралауды мақсат еткен арнайы мониторинг барысында анықталды. Аталмыш мониторингке ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мамандары да қатысты. «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша темір жол вокзалында мониторинг жүргізіліп, мамандар бірқатар жағдайларға көз жеткізді.

Астана қаласына дейін қатынайтын «Тальго» пойызына (090Т) «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ белгілеген ресми баға - 29 777 теңге. «Делдалдар» заңсыз әрекет жасап, жолаушыға елордаға дейін 20 мың теңгеге баруға болатынын жеткізеді. Сондай-ақ, «делдалдық» жасағандар 056Х нөмірлі «Қызылорда-Көкшетау» пойызымен Астанаға 15 мың теңгемен баруға болатынын айтқан.

«Пойызға билетсіз отырғызуды кәсіп еткен азаматтар пойыздардың кез келген жолсерігімен келісіп, өздеріне жүгінген әр адамды жетер жеріне дейін жеткізуге кепілдік бере алады. «Делдалдар» вокзалға келіп тоқтайтын жолаушылар пойызының бригадирлерімен бай        ланысы бар екенін айтып, солар белгілеген вагондарға жайғастырып береміз деген», - дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Бағдат Әбдіқадыров.

Арнайы мониторинг кезінде топ мүшелері жолсеріктермен де тікелей сөйлесіп көрді. Сол кезде «Ақтөбе-Алматы» пойызының жолсеріктері Шымкент қаласына бір адамды жеткізу үшін 3500-5000 теңге сұраған. Вагонда орын болмай қалған жағдайда жолсеріктер өз орнын беретінін айтты.

«Бұл бір реттік шара емес. Алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі»,- деді арнайы мониторинг тобының жетекшісі Анар Ізден.