Жолсеріктер Сальвадор азаматшасының жоғалтып алған әмиянын қайтарып берді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Пойыз жолсеріктері Эль-Сальвадор Республикасының азаматшасы Андреа Эрнандасқа жоғалтып алған әмиянын қайтарып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға шілде айында болған. Бойжеткен «Астана-Қызылорда» бағытындағы пойызбен Астанадан Шымкентке жол жүріп келе жатқан. Шымкентке келгеннен кейін келесі күні жеке затының жоғалғанын аңғарып, Назарбаев университетінің қызметкерлері арқылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на хабарласқан. Сальвадор азаматшасына тиесілі болған әмиянды жолсерік тауып алып, барлық қажет актілерді дайындап, елордаға жөнелткен. Астанаға жеткен мүлік иесіне қайтарылды.

Андреа Эрнандес Гонконг ғылым және технология университетінің студенті болып шықты. Қазақстанға  «Asia Deep Dive» студент алмасу бағдарламасы бойынша келген. Аталмыш бағдарлама Назарбаев Университеті мүшелік ететін Азия университеттері альянсы қызметінің аясында өткізілген. Қазақстанға екі аптаға Азия елдерінің 13 университетінен 24 студент келген.

Назарбаев Университетінің қызметкерлері бағдарлама 16 шілде күні аяқталғанын мәлім етті. Шетелдік азаматша келесі күні еліне қайта оралған.

Еске салайық, өткен жылы «Астана-Ақтөбе» пойызының жолсерігі Ержан Әрденов жолаушыға жоғалтып алған 2 000 000 теңгесін қайтарған еді.

Жыл басынан бері өңірлік филиалдарда жолсеріктердің жоғалған құнды заттар мен құжаттарды иесіне қайтаруы бойынша 12 дерек тіркелді.