19:41, 03 Сәуір 2009
Жолшылар Елбасы Жолдауын толығымен қолдайды
АҚТӨБЕ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - «Біз, жолшылар, Елбасы Жолдауын толығымен қолдаймыз. Біз Үкіметтің дағдарыс жағдайында тұрақтандыру жөніндегі іс-қимылын, атап айтқанда жолдарды салу мен жөндеуге қаржы бөліп, жұмыстан босап қалған көптеген отандастарымызды еңбекке орналастыруға бағытталған шараларын түсінеміз»,
деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында облыстық көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бастығы Бағлан Баймағамбетов.Оның айтуынша, биыл облыстың жол компаниялары құрылыс жұмыстарына және автожолдарды жөндеуге 1700-ден астам адамды тартпақ, олардың арасында 100-ден астам студент, жақын маңдағы ауылдардың 500 тұрғыны бар. - «2009 жылы автожолдарды салуға, жаңғыртуға, жөндеуге республикалық бюджеттен 158 миллиард теңге, соның ішінде республикалық автожолдар жүйесін дамытуға 10 млрд. теңге бөлініп отыр. Облыс бойынша 7 миллиард теңгеге бағдарлама бекітілді, бұл қаржы негізінен «Самара-Шымкент» автожолының Батыс Қазақстан облысы шекарасынан Ақтөбе облысының Қызылорда облысына дейінгі шекарасында жол салуға жұмсалады. Сондай-ақ 770 млн. теңге көлемінде орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарының бағдарламасы бекітілді. Бұл жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру шағын бизнеске және қосалқы шаруашылықтарға тиісті қолдау көрсету деп санауға болады, жол сапасы жақсарса, олар өз өнімдерін тұтынушыларға кідіртпей жеткізе алады», - деп атап өтті Бағлан Баймағамбетов.Сонымен қатар биыл Ақтөбеде жергілікті битум өндірісі игерілмек, сөйтіп, автожол құрылысында отандық өндіріс материалдарын пайдалануға болады. Б. Баймағамбетов басқарма автожол құрылысында тендер өткізуде қазақстандық шикізат пен материалды сатып алуға бақылау орнатып отырғанын атап өтті. «Қазавтожол» филиалының мердігерлік ұйымдарында жергілікті жұмысшыларды көптеп тартуды, ол үшін жергілікті еңбекке орналастыру қызметтерімен байланыс орнатуды басты назарда ұстап отырмыз», - деді ол.