Жолтаптық ауылының тұрғындары 30 жыл жол азабын тартып келеді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысы Железин ауданы Жолтаптық ауылының тұрғындары жол салу мәселесі бойынша түрлі деңгейдегі әкімдерден жауап болмаған соң, тілшілерден көмек сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ауылға апаратын 15 шақырым жолда қатты жабынның жоқтығы мәселесін шешуде қолдау сұраймыз. Жол жауын-шашыннан кейін батпаққа айналады, жеңіл машина түгілі, жүк көлігінің өзі өте алмайды. Адамдар айналадағы әлемнен ажырап қалған, аудан орталығына медициналық бекетке жету мүмкін емес», - деп мұңдарын жеткізді ауыл тұрғындары біздің редакцияға.

Олардың айтуынша, аталған мәселе 30 жыл бойы шешілмей келеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары билік өкілдері жол мәселесін шешу бойынша бұған дейін бірнеше рет уәде берілгенін, дегенмен әлі күнге дейін жолдың жоқтығын айтады.

«Павлодар облысының жергілікті әкімдігінің әрекетсіздігінен Жолтаптық ауылының 132 тұрғыны неліктен зардап шегуі керек?», - дейді жергілікті тұрғындар.

Жолтаптық ауылының тұрғыны Наталья Друзиктің айтуынша, адамдар бұл мәселені әртүрлі деңгейдегі әкімдермен кездесу барысында көтерген.

«Біз жол мәселесін шешуде қайда жүгіну керектігін білмейміз, сондықтан проблеманы көтеріп қоғамдық резонанс тудыруға бел будық. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық қызметтер арқылы өтініш жолданды. Осыдан бірер күн бұрын аудан мәслихатының хатшысы мәселені талқылап, оның шешу жолдарын қарастыру мақсатында бізге келді», - дейді жергілікті тұрғын ҚазАқпарат тілшісімен әңгіме барысында.

Аудан мәслихатының өкілі мәлім еткендей, Жолтаптық ауылы негізгі тасжолдан 15 шақырым алшақ орналасқандықтан, жол салу жергілікті бюджет үшін тым қымбат және бұл мақсатқа қаражат бөлінбейді.

«Ең оңтайлы шешім, «Мыңкөл-Жолтаптық» тасжолын (ұзындығы 5 шақырым кірмежол) аудан әкімдігінің балансына енгізу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, содан кейін қиыршық тас төсеуге қаражат бөлу», - деп толықтырды Н. Друзик.

Оның сөзінше, аудан мәслихатының хатшысы 15 шақырым жолды ретке келтіру мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтқан. Бірақ тұрғындар ең болмағанда 5 шақырымды жөндеуге де келісіп отыр.

«Аудан мәслихатының депутаттары Т. М. Дәулетов, Т. С. Сәрсенов және Р. Ж. Ибраев 2 мамырда халықпен кездесу өткізу үшін Жолтаптық ауылына барды. Кездесу барысында жол жағдайына қатысты түсініктеме берілді. «Жолтаптық – Мыңкөл» кенттер арасындағы баламалы жолды Ақтау ауылдық округі әкімі аппаратының балансына қабылдау мәселесі қаралды. Балансқа жауапкершілік бекітілгеннен кейін қатты жабынды төсеу арқылы жолды орташа жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалады», - деп түсіндірді Железин ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рашид Көкішев ҚазАқпарат редакциясының өтінішінен кейін.