Жолымбет кентінде «Қазпошта» АҚ-ы филиалын тонағандар бір жарым жылдан кейін құрықталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ербол Жүсіповтың айтуынша, өткен жылы сәуірдің 5-інде бөгде адамдар акционерлік қоғам филиалы кеңсесінің есіктерін бұзып кіріп, сейфтегі аса ірі көлемдегі ақшаны жымқырып кеткен көрінеді. Дабыл беру қондырғыларының жоқтығы ұрылардың алаңсыз әрекет жасауына мүмкіндік берген. Жергілікті полиция қызметкерлерінің тыңғылықты іздестіру шаралары нәтижесінде уақыт өтсе де қылмыстық әрекет айғақталды. Ұрлық полиция капитандары Бағлан Найманбаев, Рүстем Сәдуов пен полиция майоры Қайдар Сексембаевтың тынымсыз әрекетімен ашылып отыр. Күдіктілер осы кенттің 21 жасар тұрғыны мен 29-дағы астаналық болып шықты. Қолға түскен ұрылар қылмыстарын мойындарына алып отыр. Ал «олжаларын» өз қажеттеріне жұмсап үлгерген көрінеді.