Жөндеу жұмыстарына байланысты Астана көшелерінде жол жабылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарамасының хабарлауынша, «Күмісбеков-Сарыарқа-Бөгенбай батыр-Сейфуллин көшелері шекараларында А, Б «Слободка» жоспарлы ауданында инженерлік жүйелер мен жол құрылысы. Ішкі кварталдық жолдар құрылысы» жобасы жүзеге асырыла бастады.

Осыған байланысты 27 сәуірден келесі учаскелерде көлік қозғалысы шектеледі: Әуеззов көшесінің қиылысы, Жангельдин көшесінен Кубрин көшесіне дейін; Кубрин көшесі, Әуезов қиылысынан Сарыарқа даңғылына дейін. Ішкі кварталдық жолдарды салу барысында су құбырларын тарту, жауын-шашын сулары үшін канализациялар орнату, жылу магистральдары құрылысы, аумақты түнгі жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Аталған аумақтардағы жол қозғалысы жоспар бойынша 1 шілдеде ашылады. Жүргізушілер үшін тиісті жол белгілері орнатылған, деп хабарлайды astana.kz.