«Биылғы жылы Қазақстанда жаңартылатын энергетика бағытындағы перспективалы алаңның бірі саналатын Ерейментау жел паркінің құрылысы басталатын болады. Бұл Астанаға жақын маңда. Екінші маңызды жоба - Шелек дәлізі. Оның құрылысы ағымдағы жылдың соңына немесе келесі жылы қолға алынады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Жоңғар қақпасында жел электр стансаларын салу жобасы да бар. Оның қуаты 20 МгВт-қа болжанады», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Ә. Исекешевтің айтуынша, Жоңғар қақпасындағы жел электр стансаларын салу жобасы 2014 жылы қолға алынады. Бұл ретте Ерейментау жел паркі мен Шелек дәлізіндегі жобаларға «Самұрық-Энерго» АҚ инвестиция құюға әзір. Бизнес-жоспарлар да даярланған. «Ал Жоңғар қақпасындағы жобаға Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеке компанияның инвестициясы тартылуы мүмкін. Мәжілістегі заң жобасы қабылданса, осы жобаға инвестициялық қызығушылықтар да арта түседі деп ойлаймыз», - деді министр.