ЖОО бітірген жастарды жұмысқа орналастыру мәселесімен айналыспақпыз - Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары оқу орындарын бітірген жастарды жұмысқа орналастыруға айрықша назар аударамыз. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаева мәлім етті.

«Біздің жоба үш мақсатты топты қамтып отыр. Осы орайда жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін еңбек өтілінің болмауына байланысты жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар мәселесіне назар аударылады. Бұл жастарға осы тұста қиынға соғатына белгілі және бұған оқуды бітірген жас мамандар кінәлі емес. Яғни, отандық жоғары оқу орындарынан жақсы білім алып шыққандармен қатар, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқып келгендердің арасында қызметке орналаса алмай жүргендер бар»,- деді Р.Сәрсембаева.

Оның сөзіне қарағанда, қауымдастық тарапынан аталған мәселелердің себептері анықталып, жастардың тиісті тәжірибиеден өтуіне мүмкіндік жасалмақ.

«Біз өткізгелі отырған сауалнама осы бағыттағы мәселелердің мән-жайын анықтауға көмектеседі. Бұндай проблемалар тек біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемде кездесетіні мәлім. Дегенмен, мемлекетімізде айтарлықтай ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда, сондықтан оның әлеуеті жастарды жұмыспен қамтуға жеткілікті», - деп түйді төрайым.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы әйелдердің әлеуметтік-еңбек аясындағы құқықтары мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру деңгейін көтеруге, жеке іскерлікпен айналысу мен жұмысқа орналасу арқылы еліміздегі әйелдердің әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған «Әлеуметтік еңбек аясында әйелдер арасында ақпараттық түсіндіру жұмысы» атты жобаны қолға алып отыр.