Жұмыс барысы қалай жүреді?
Профориентолог – оқушыларға өз мансабын жоспарлауға көмектесетін және мамандық пен университет таңдауда кәсіби бағыт-бағдар беретін маман. Әдетте жұмыс 8-9 сыныптан басталады.
- Кеңесшінің жұмысы оқушының бейімділігін анықтаудан бастап, жоғары оқу орнына (ЖОО) сәтті құжат тапсырғанға дейінгі толық процесті сүйемелдеуге бағытталған. Ең алдымен,оқушының профилін (кәсіби қызығушылықтарын, мектептен тыс белсенділігін, жетістіктерін, қабілеттері мен бейімділігін) мұқият зерделейміз. Екіншіден, психологтермен бірге тестілер өткізіп, талдап, олардың нәтижесін ата-аналар мен балаларға түсіндіреміз. Үшіншіден,жиналған ақпарат негізінде оқушыға ең қолайлы мамандықтар мен оқу бағыттары бойынша нақты ұсыныстар беріледі. Төртінші кезекте оқушыларға мамандықтарды тереңірек зерттеуге арналған ресурстар (жұмыс сипаттамасы, қажетті біліктілік, еңбек нарығындағы сұраныс, жалақы деңгейі және т.б.) ұсынылады, - дейді Рауан Әбілтаев.
Атап айтқанда, мамандық таңдалған соң, ЖОО-ға түсуге дайындық (Application Process) басталады.Бұл жерде бірінші ЖОО-ны қандай критерийлер бойынша таңдау, рейтингтерді қалай дұрыс талдау керек екені жайлы жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Университеттің талаптары мен шәкіртақы алу мүмкіндіктері сараланады.
Сарапшының айтуынша, оқушымен бірлесе отырып өтінім мен портфолиосы жасақталады. Оқуға түсуге қажетті өтінім мен портфолионы қалай жақсартуға болатыны туралы кеңес беріледі. Университеттерге жіберілетін ресми құжаттар - анықтамалар, транскрипттер, болжамдық бағалар (predicted grades) және мұғалімдерден алынатын ұсыным хаттар жинақталады.
Ақпараттық қолдау және коммуникация
NIS Astana мектебінің тәжірибесіне қарағанда, кәсіби бағдар берушісі Google Classroom немесе Telegram арналарындағы арнайы топтар арқылы оқушыларды жазғы бағдарламалар, шәкіртақы және ЖОО-ларға құжат тапсыру мерзімдерінің (дедлайндар) басталуы мен аяқталуы туралы үнемі хабардар етіп отырады.
- Университеттермен байланыс – біздің міндетіміздің ең маңызды тұсы. Мектепке түрлі отандық және шетелдік ЖОО өкілдерін шақырып, презентациялар мен білім көрмелерін ұйымдастырамыз. Education USA, SmartTest Prep сияқты оқуға түсу бойынша мамандарды, сондай-ақ мотивациялық хат жазуға көмектесетін менторлармен кездесулер өткіземіз, - деп түсіндірді Рауан Әбілтаев.
Сонымен қатар ол жарнадан босату (Fee Waiver) мүмкіндігіне түсінік берді. Профориентологтер кейбір шетелдік (мысалы, АҚШ) ЖОО-ларға өтінім беру кезінде төленетін тіркеу жарнасынан босату мүмкіндіктерін қарастырып, көмектеседі.
- «Мен қай бағытта қабілетті екенімді білмеймін» деген оқушы неден бастауы керек? Бұл жағдайда профориентологтің көмегіне жүгіну маңызды. Олар оқушының талантын, жасырын дағдылары мен нақты бағыттағы талпынысын анықтауға көмектеседі. Жеке SWOT-анализ жасау керек. Оқушы өзін-өзі сараптап шығуы тиіс. Өзінің күшті тұстарын (қандай пәндер оңай беріледі, қандай таланты мен жетістіктері бар) анықтауы қажет. Әлсіз тұстарын - жалқаулығын, көпшілік алдында сөйлеуден қорқатынын мойындап, түсінуі тиіс. Мүмкіндіктерін (жазғы лагерьлер, мектеп үйірмелері, тегін интернет-курстар, профориентатор көмегі) зерттеуі керек. Түрлі бағыттарды практикада сынап көруге кеңес береміз. Осы орайда мектептегі үйірмелер мен клубтарға қатысып, әртүрлі дағдыларын дамытуына назар аударамыз. Мектеп жобалары мен жарыстарға, олимпиадаларға қатысуын ынталандырамыз. Бұдан бөлек, оқушының мектептен тыс ерікті болу (волонтерство) және әлеуметтік практикалармен айналысуы да маңызды. Өзіне қызық көрінген тақырыпта жобалық жұмыс жасап, мамандықтың «тест-драйвынан» өтуі керек, - деді маман.
Жалпы, қазір балаларға арналған тестілердің түрі көп. Оны жұмысты жеңілдетудің бір тәсілі және бағдар ретінде қарастыруға болады. Мәселен, «Уақыт машинасы» жаттығуын орындап көру - ең оңай тәсіл. Өзін 10 жылдан кейін елестетіп, қайда және кім болып жұмыс істейтінін, қандай жеке қасиеттері табысқа жетуге көмектесетінін ойлануы керек.
Интеллектуалдық және шығармашылық артықшылық
Жасанды интеллект көптеген мамандықты өзгертіп жатқан уақытта, оқушылар қай дағдыларды дамытуы керек? Алдағы 5-10 жылда қандай құзыреттер маңызды болады?
- Негізі, жасанды интеллект ақпаратты тез өңдегенімен, аналитикалық ойлау және креативті құзыретке ие емес. Оқушылар дайын шешімдерді жаттап қана қоймай, күрделі мәселелерді шешуді үйренуі керек. Роботтар ұжымды басқара алмайды және шынайы жанашырлық таныта алмайды. Сондықтан көшбасшылық, эмпатия және қарым-қатынас орнату дағдылары кез келген салада жоғары бағаланады. Бағдарламалау сияқты техникалық құзыреттердің маңызы азайып келеді, себебі оларды ЖИ өзі жаза алады. Оның орнына ЖИ мен Big Data-ны құрал ретінде қолдана білу, технологиялық сауаттылық және ең бастысы, үздіксіз жаңа нәрсені үйренуге деген құштарлық алдыңғы қатарға шығады, - деді Рауан Әбілтаев.
Ата-ананың қалауы мен баланың таңдауы сәйкес келмесе...
Сарапшының сөзіне қарағанда, ата-ананың қалауы мен баланың таңдауы сәйкес келмеген жағдайда, ең бастысы, эмоционалды текетіреске жол бермей, сындарлы диалог орнату маңызды. Өйткені материалдарда атап өтілгендей, тек ата-ананың айтуымен немесе сұранысқа ие болғаны үшін ғана мамандық таңдау - басты қателіктердің бірі. Ата-ана балаға таңдау құқығын бере отырып, баланың да өз шешімі үшін жауапкершілік алуы тиіс екенін ұғындыруы қажет.
Университет таңдауда неге басымдық берген дұрыс?
Ең алдымен, таңдалған мамандық немесе сала бойынша университетте мықты бағдарламалар бар-жоғын зерттеу керек. АҚШ жұмыс берушілері үшін университеттің жалпы рейтингісіне қарағанда, үміткер оқыған бағдарламаның рейтингі әлдеқайда маңызды.
- Студенттер үшін зерттеу жұмыстарына, тағылымдамаларға (стажировка) және басқа да тәжірибе жинауға қандай мүмкіндіктер жасалғанына назар аударған жөн, - деп түсіндірді кәсіби бағдар беруші.
Университеттің оқу ақысын, баспанада тұру шығындарын, сондай-ақ қаржылық көмек (financial aid), шәкіртақы мен оқып жүріп жұмыс істеу (work-study) бағдарламаларының қолжетімділігін мұқият ескеру қажет. Қолжетімді оқу құны мен қаржыландырудың түрлі нұсқаларын ұсынатын ЖОО-ларды іздеген жөн.
Рауан Әбілтаевтың пайымынша, университеттегі ортаның студенттің талпынысына сәйкес келуі маңызды. Бұл ретте, кампусты барып көру немесе студенттердің YouTube/Instagram желісіндегі блоктарын зерттеп, оқып жүрген студенттермен сөйлесіп көрген артық болмайды.
- Тек жалпылама әлемдік рейтингтерге (QS, Times Higher) сену қателікке алып келуі мүмкін. Жоғары рейтинг бала үшін оқу орны жайлы болады дегенді білдірмейді. Рейтингтен бөлек, оқытушылар құрамының тәжірибесіне, түлектердің жұмысқа орналасу статистикасына және университеттегі мансаптық серіктестердің болуына басымдық берілуі керек. Рейтингтерге ғана қарамаңыз, өз мүмкіндіктеріңізді асыра немесе төмен бағаламаңыз және тізімді 25-тен асырмай (шамамен 10 оқу орны), сапалы эссе мен өтінім дайындауға назар аударыңыз, - дейді профориентолог.
Айта кетейік, жақында Crimson Education компаниясының бас директоры, AI&Digital Bridge 2026 іс-шарасының хедлайнері доктор Джейми Битон Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, Орталық Азиядан келген талапкерлерде жиі кездесетін кемшіліктер жайында және жасанды интеллектінің оларға бұл бағытта қалай көмектесе алатыны туралы әңгімеледі.