ЖОО-ға заңсыз түспек болған Оңтүстік тұрғындары сан соғып қалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысында оқуға түсіруге уәде етіп, халықты 5 млн теңгеге сан қақтырған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, Сарыағаш ауданында полиция қызметкерлеріне тұрғындардан бірнеше арыз түскен. Бейтаныс адам олардың балаларын жоғары оқу орнына түсіруге уәде етіп, қомақты ақшаларын иемденіп кеткен.

Жәбірленушілердің бірі ұлының ЖОО-да білім алуына 700 мың теңге бергенін, содан бері ақша алған адамнан хабар болмағанын айтқан.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары сезіктіні қолға түсірді. Ұсталған жігіт жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында оның алаяқтықтың 6 фактісіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге 5 млн теңге көлемінде шығын келтірілген. 

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Фото: www.cfli.com