ЖОО-ларда ақылы оқу бағасы грант құнынан аспауы тиіс – Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары оқу орындарында ақылы оқуға төленетін қаржы мемлекеттік білім гранты құнынан аспауы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Министр биыл бакалавриат, магистратура, докторантураны есептегенде 93 мыңнан астам грант, оның ішінде 77 мыңнан астам грант бакалавриатқа бөлінгенін, конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99 пайыз көлемінде игерілгенін айтты.

– Оқу ақысына келер болсақ, барлық мемлекеттік жоғары оқу орнындағы бағаны ұстап отырмыз. Жекеменшік жоғары оқу орындарымен байланыстамыз. Қарасаңыздар, өңірлерде өткен жылы 7-10 пайызға дейін ғана өсті. Қазіргі таңдағы министрлік ұстанымы - ақылы қызметтер грант құнынан аспауы тиіс. Сондықтан өңірлік университеттерде 560-690 мың шамасында ұстап тұрмыз. Бұл мәселе министрлік бақылауында, - деді Саясат Нұрбек БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Саясат Нұрбектің атап өтуінше, биыл ҰБТ-ға 210 мыңнан астам талапкер қатысты. Оның ішінде 160 мың адам немесе 76 пайызы шекті балды еңсерді.