ЖОО-ларда Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күрес саясаты оқытылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары оқу орындарында «Құқық негіздері» пәніне Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күрес саясаты бөлімі енгізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, аталмыш өзгерістер «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының және ҚР-ның 2015-2017 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын орындау аясында енгізілмек.

«Осыған орай, республикалық оқу-әдістемелік кеңестің шешімімен 2015 жылғы шілде айында барлық ЖОО-лар үшін «Құқық негіздері» пәнінің жаңа типтік бағдарламасы мен «Жемқорлыққа қарсы күрес» оқу-әдістемелік құралы бекітілді.

Жаңа типтік бағдарламаға «ҚР жемқорлыққа қарсы күрес саясаты» бөлімі енгізілді. Онда жемқорлықтың, жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің, антижемқорлық этикасы және «Мәңгілік ел» идеологиясы аясындағы қазақстандық қоғам мәдениетінің позициялары сынды жайттар кірген», - деді ол.