14:45, 20 Наурыз 2009
ЖОО студенттеріне қосымша білім гранттарын тағайындау жұмыстары жалғасып жатыр ? Ж.Түймебаев
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын блім озаттарына қосымша білім гранттарын беру жұмысы жалғасып жатыр. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің атап көрсеткеніндей, бүгінде 3-ші курста оқитын 120 жоғары оқу орнының 7 мың 500 студентіне білім гранты берілді. Бұл студенттер үстіміздегі наурыз айының 1-інен бастап оқуларын тегін жалғастыратын болады. «Оның үстіне олар наурыздан бастап 11 мың 500 теңге шамасында шәкіртақы алып отырады. Сондай-ақ жылына екі рет қалааралық бағыттағы көліктермен жүру құны өтеп беріледі», - деді ол. Ж.Түймебаев білім гранттарын тағайындау комиссиясы әлі де жұмыс істеп отырғандығын жеткізді. Қысқы сессияларын үздік бағаға бітірген 3 курс студенттері құжаттарын ректорат арқылы тапсыра алады.