ЖОО түлектері диплом алған соң орташа есеппен 79 күнде жұмыс табады

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев 2023 жылы диплом алған түлектердің қаншасы жұмыс тапқанын айтты. 

Фото: euronews.com

«2023 жылы түлектердің 77%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. 2023 жылы жұмыспен қамтудың орташа пайызы 3,3% өсіп, 82,8% болды. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш – 78,4%, 2022 жылы 79,5% болды. Жұмыс іздеудің орташа ұзақтығы – 79 күн, яғни, 2,64 ай. Сұранысқа ие білім беру бағдарламалары бойынша білім алғандар бір ай ішінде жұмыс табады», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның сөзінше, түлектердің ЖОО-да алған біліміне жұмыс берушілердің қанағаттануы 67,5% деңгейінде.

«Қанағаттанудың өсуі байқалады. Бес жылдағы динамика 35% болды. Өйткені 2019 жылы 33% болатын. Бұл жақсы нәтиже», - деді Әділет Тойбаев.