Жосалы кентін ауызсумен қамтамасыз ету -күрделі мәселесі болып отыр - Мәжіліс депутаты Қылышбай Бисенов

None
АСТАНА. Желтоқсанның 24-і. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қылышбай Бисенов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке сауал жолдап, Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Жосалы кенті тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі күрделі мәселені көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, «Арал»  республикалық мемлекеттік кәсіпорынның «Октябрь топтық су құбыры» филиалы 22 мың 500 тұрғыны бар Жосалы кенті мен оның айналасындағы 4 ауылдық округтің халқын ауызсумен қамтамасыз етіп келеді. «Таза су» бағдарламасы аясында сумен жабдықтау жүйесі жаңадан салынып, магистралды су құбырларының ұзындығы 100 шақырым, көшелер мен үйлерге тартылған су құбырларының ұзындығы 98 шақырымға жетті. Бірақ мекеме күні бүгінге дейін 2005 жылғы суға бекітілген тариф бойынша жұмыс жасауда. Атап айтқанда, 1 текшеметр ауызсудың жеткізіліп беру құны 39,43 теңге, қосымша құн салығын қоса есептегенде 44,16 теңгені құрайды. Бұл - ел бойынша ең төменгі көрсеткіш. Мысалы, бұл көрсеткіш Қостанай облысында 7 теңгені құрайды. Осыған байланысты мекеменің қаржылық жағдайы барынша қиындаған. Түрлі ұйымдарға, оның ішінде, электрмен жабдықтау кәсіпорнына қарыз болғандықтан, мекеменің банкроттыққа ұшырауы мүмкін. Нәтижесінде тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге қиындықтар туындауда.

«Сонымен қатар  ауданды сумен қамтамасыз ететін су ұңғымаларының жұмыс істеп тұрғанына 25 жылдан асып кеткен. Мұндағы жер асты су қорларының мөлшерін анықтау үшін гидрогеологиялық іздестіру жұмыстары 1966, 1976 және 1987 жылдары жүргізілгені белгілі болып отыр. III-Интернационал ауылының маңындағы жер асты су қорларын барлау мәселесі 2007 жылғы Қызылорда облысы әкімдігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су қорлары жөніндегі комитетінің бірлескен отырысында қаралған. Өкінішке қарай, бұл мәселе бүгінгі күнге дейін оң шешімін таппай келеді. Су қорларын іздестіру, әрі зерттеу үшін қосымша қаражат көздері қажет»,- дей келіп, депутат Үкімет басшысына: «Осы көрсетілген мәселелерді жан-жақты қарап, ауызсуға бөлінетін субсидия мөлшерін көтеруге, су қорларын іздестіру, әрі зерттеу үшін қосымша қаражат бөлінуіне ықпал етуіңізді сұраймын»,- деп  сауал  тастады.