- Дарын Зайноллаұлы, Жошы ұлысының тарихи географиясын зерттеудегі Батыс Қазақстан облысындағы Алтын Орда ескерткіштерінің маңызы қандай, алдымен соған тоқталсаңыз?
- Еділ-Жайық аралығы Алтын Орда мемлекетінің орталық өңіріне географиялық тұрғыдан ең жақын орналасқан аумақ болып саналады. Бұл өңірде Шығыс және Орта Азиямен жүргізілген халықаралық сауда барысында Еділ бойындағы ірі қалалармен байланысты маңызды транзиттік тораптар қалыптасты.
Аталған сауда жүйесі аясында Еділ бойындағы ірі қалалық орталықтардың азық-түлікке деген қажеттілігін қамтамасыз етуде Жалпақтал қонысы мен оны қоршаған аграрлық агломерацияның рөлі айрықша болды. Демек, Батыс Қазақстан өңірі тек транзиттік сауданың дамыған аймағы ғана емес, сонымен бірге азық-түлік өндіру мен жеткізуді жүзеге асырған ірі аграрлық аймаққа айналды. Бұл жағдай аталған аймақтағы ескерткіштерді зерттеудің жаңа ғылыми бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
- Осы бағытта өздеріңіз қандай жұмыс жүргіздіңіздер?
- Біздің зерттеуіміздің негізгі бөлігі Алтын Орда ескерткіштерін барлау және анықтау, сондай-ақ белгілі ескерткіштер негізінде олардың орналасу жүйесі мен өзара байланыстарын айқындауға бағытталған. Барлау жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылы Жаңақала ауданында, Жаңажол ауылының тұсынан бір қоныс орны, сондай-ақ Жаңақала ауылының маңынан тағы бір қоныс орны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған қоныстар Жалпақтал қонысының агломерациялық аймағына жатады деген қорытынды жасалып отыр. Алайда одан әрі жүргізілетін зерттеулердің нәтижелері өңірді өзге тұрғыдан сипаттауы мүмкін.
- Ендеше, Жайық бойындағы ортағасырлық қалалар мен қорғандар қаншалықты зерттелген деп ойлайсыз?
- Жайық өңіріндегі археологиялық ескерткіштер әлі де кешенді әрі ауқымды зерттеуді қажет ететін өзекті ғылыми мәселе болып қала береді. Қазіргі уақытта жүргізілген зерттеулер Еділ бойындағы ескерткіштермен салыстырғанда айтарлықтай аз, ал осы күнге дейінгі жұмыстар локалды сипатта атқарылды. Бұл зерттеу тек археологиялық қазба жұмыстарымен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен, аталған ескерткіштердің өзге өңірлермен өзара байланысын, сауда жолдары арқылы жүзеге асқан мәдени және экономикалық қарым-қатынасын анықтау қажет.
Мұндай зерттеулер жаңа ескерткіштердің локализациясын (орналасу аймағын) анықтауға мүмкіндік береді деп болжанады. Сонымен қатар осы негізде өңірдің Алтын Орда мемлекеті құрамындағы рөлі мен тарихи маңызын айқындауға болады.
Екпін түсіре айтатын жайт, қазіргі археологиялық зерттеулер ескерткішті қазып, жәдігерлерді алумен ғана шектелмейді. Ескерткішті цифрландыру, қазба барысында табылған барлық жәдігерлерге пәнаралық тұрғыда жан-жақты зерттеу жүргізу арқылы ескерткішті қалдырған халықтың этностық құрамын, тамақтану рационын, тұрғын үй типтерін, тұрмыстық бұйымдарын, сондай-ақ сол кезеңдегі климаттық жағдайды анықтауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, ескерткіштерді толыққанды әрі кешенді зерттеу мәселесі ерекше өзектілікке ие.
- Археологиялық мұраны әлемге танытып, сақтап қалу үшін не істеу қажет деп есептейсіз?
- Ең алдымен, ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Атап айтқанда, заманауи технологиялық құралдарды қолдана отырып жүргізілсе, бұл ескерткіштердің сақталу жай-күйін қамтамасыз етіп, оларды зерттеуге мүмкіндік береді. Археологиялық мұраны әлемдік деңгейде таныту мәселесіне келсек, әуелі ішкі қоғам деңгейінде халықтың тарихи білімін арттырып, тарихи сананы қалыптастыру арқылы тәрбиелік негіз жасау маңызды.
Бұл бағыттағы жұмысты қазіргі уақытта ақпараттық кеңістікте жүзеге асыру мүмкіндігі жоғары. Осылайша, Алтын Орда кезеңін кеңінен насихаттап, кезең-кезеңімен ғылыми дискурс арқылы халықаралық деңгейде таныстыруға болады.
- Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңінің Қазақстан тарихындағы орнына тарихшы ретінде қандай баға берер едіңіз?
- Тарихнамада бұған дейін моңғол жаулап алуының салдарына баса назар аударылып келді. Сонымен қатар қазақ тарихы қыпшақ этностық негізімен тікелей байланыстырылып, Қазақ хандығының құрылуы шамамен 150 жылға кешіктірілді деген тұжырым қалыптасты. Әйтсе де мәселеге өзгеше тұрғыдан қарасақ, Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси қақтығыстар барысында Керей мен Жәнібек сұлтандар төңірегіне топтасқан, азаттық үшін күрескен халықты «қазақ» деп атау Жошы ұлысы дәуірінің жаңа тарихи кезеңге ұласқанын көрсетеді.
Сондықтан қазіргі тарихи зерттеулердегі аталған концептуалды көзқарас объективті ғылыми тұрғы деп бағаланады. Осыдан Қазақ хандығын Жошы ұлысының заңды мұрагері, оның тарихи жалғасы деп тұжырымдауға болады.
- Әңгімеңізге рақмет. Ғылыми зерттеулеріңізге табыс тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мұрат Сыдықовтың Қазақстанның батыс қақпасы – Оралдың ортағасырлық қалаға жататыны дәлелденіп келе жатқаны туралы айтқанын жазған едік.