Жошы ұлысының тарихы мектеп оқулықтарында кеңінен қамтылуы керек — ұстаз

ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алатынын, оны зерттеуге баса мән беру керектігін атап өткен болатын. Қазақ тарихының осы кезеңі мектеп оқулықтарында қалай қамтылған және қалай оқытылып жүр? Осыған орай Kazinform тілшісі Орал қаласындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі тарих пәнінің мұғалімі Құбаш Меңдіғалиевпен сұхбаттасқан еді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

— Құбаш Сағидоллаұлы, Жошы ұлысының Қазақстан тарихындағы орны қандай деп білесіз?

— Өз басым ел тарихын мемлекеттік-өркениеттік тұрғыдан шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастырамын. Біріншісі, сақ-ғұн, түркі-қыпшақ, Жошы ұлысы, бергісі Қазақ хандығына дейінгі супердержавалық және ортадержавалық кезең. Екіншісі, 260 жылға созылған колониялық езгілік кезеңі (патшалық Ресей және кеңестік кезеңдегі Қазақстан). Үшіншісі — Тәуелсіздік кезеңі. Үшінші кезеңді зерделеу — алдағы уақыттың еншісінде, екінші кезең айтарлықтай зерттелді. Ал бірінші кезең тарихын зерделеуде бәрімізді қыруар шаруа, тыңғылықты ізденістер күтіп тұрғанын әр қазақ іштей түйсінсе керек.

Кез келген елдің тарихын жүйелі зерттеу барысында мемлекеттілік-өркениеттік тұжырымдама алдыңғы қатарға шығады, яғни ілкі мемлекеттіліктің берік дәстүрі, үзілмеген сабақтастығы, тарихи заңдылығы. Осы тұрғыдан келгенде, өз заманында супердержава болған Шыңғыс хан империясының заңды жалғасы іспетті Жошы ұлысы — даңқты тарихымызды жарқын дәуірі, қазіргі қазақ мемлекеттілігінің тікелей бастауы мен саяси-құқықтық, институционалдық негізін құрайды деп толық айта аламыз.

Біріншіден, Жошы ұлысы Ұлы Еуразия даласында сақ-ғұннан бері ұласқан мемлекеттілік дәстүрді жаңа сапалық деңгейге көтерді. ХІV ғасырдың ортасында тарих сахнасына көтерілген Қазақ хандығы — Жошы ұлысының (Алтын Орданың) заңды, саяси және рухани мұрагері. Керей мен Жәнібек хандардан бастап, соңғы ханымыз Кенесарыға дейінгі қазақ билеушілерінің барлығы Жошы ханның тікелей ұрпақтары «төре» өкілдері болғаны — осының айқын дәлелі.

Екіншіден, бұл кезеңде Дешті Қыпшақ аумағындағы этникалық процестер аяқталды. Еділ, Жайық, Тобыл мен Сыр бойын мекендеген түркі тайпаларының саяси-мәдени тұтастығы қалыптасып, біртұтас қазақ халқының этногенезіне мықты негіз қаланды.

Үшіншіден, Жошы ұлысы дипломатия, әкімшілік басқару, салық жүйесі, әскери өнер және дипломатия саласында өзіндік өркениеттік үлгі қалыптастырды. Сонымен бірге, бұл мемлекет Шығыс пен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Еуразияда сауда мен өркениеттік диалогтың гүлденуіне жол ашты.

Осы тұрғыдан алғанда, Жошы ұлысы — біздің ұлттық тарихымыздың алтын қазығы, тарихи жадымыздың асыл қазынасы.

Фото Құбаш Меңдіғалиевтің жеке архивінен

— Алтын Орда іздері Батыс Қазақстан облысы аумағында да сайрап жатыр деуге болады. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

— Толықтай келісемін. Еділ-Жайық өзендері алабындағы Батыс Қазақстан өңірі — 150-ден астам қаласымен әйгілі Алтын Орда империясының кіндік шаһарлары мен саяси-экономикалық орталықтары шоғырланған ерекше тарихи аймақ. Көне тарихты безбендейтін болсақ, екі өзеннің алабында өркениеттердің қалыптасатыны заңдылық болса керек. Мысалы, Тигр мен Ефрат (Қосөзен-Месопотамия өркениеті), Хуанхэ–Янцзы (Қытай), Инд–Пенджаб өзен жүйесі (Хараппа өркениеті), Ақ Ніл-Көк Ніл өзені (Мысыр өркениеті), Меконг-Қызыл өзен жүйесі (Фунань-Ангкор-Кхмер өркениеті), Әмудария-Сырдария (Орталық Азия) өркениеті, Дунай-Рейн өзендері алабында (Рим өркениеті) өркен жайған ежелгі мәдениеттер сияқты Алтын орда дәуірінде Еділ-Жайық арасында дала мен қала мәдениетінің синтезі қалыптасып гүлденгенін соңғы жылдардағы археологиялық жаңалықтар дәлелдеп берді. Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының аймақтарында орналасқан Сарайшық, Жайық қалашығынан басқа Казталов ауданында Жалпақтал қонысы, Жаңақала ауданында Өзен қонысы анықталып, жан-жақты зерттеліп жатыр.

Бұл орайда ең алдымен Жайық қалашығын (Жайық каласы) ерекше атап өту керек. Орал қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан бұл археологиялық ескерткіш XIII–XIV ғасырлардағы Алтын Орданың ірі қолөнер, сауда және мәдени орталығы болған. Ондағы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары өңірде тек көшпелі ғана емес, дамыған қалалық өркениеттің, әктас және кірпіш күйдіретін пештердің, моншалардың, шығыстық сәулет өнерінің жоғары деңгейде болғанын дәлелдеді. Ортағасырлық мұсылман қалалары туралы араб, парсы, еуропалық жазбаларда «егер қоғамдық моншасы болса, ол үлкен қала» деп сипатталады. Демек, Жайық қалашығы үлкен қалалардың бірі ретінде Сарай-Бату, Сарай-Берке сияқты астаналарды Хорезммен және Орталық Азиямен байланыстырған басты трансқұрлықтық торап қызметін атқарса керек.

Алтын Орда дәуірінің ғажайып мұрасы — Жайық қалашығы аумағында алдағы бес жылда көне архитектуралық нысандар қалпына келтіріліп, заманауи визит-орталық, ашық аспан астындағы музей, ипподром мен концерт алаңы бой көтереді деп жоспарланып отырғаны қуантады. Меніңше, Жайық қалашығын тек археологиялық ескерткіш ретінде таныстыру аздық етеді. Оны мектеп оқушыларына, студенттерге және туристерге арналған ашық тарихи білім беру кеңістігіне айналдыруымыз қажет. Осы орайда бірнеше нақты ұсынысым бар.

Біріншіден, «Жайық қалашығы: Алтын Орда мұрасы» ғылыми-ағартушылық жобасы арқылы тұрақты экскурсиялар мен дәрістер ұйымдастыру. Оның аясында археологтардың дәрістері, мектеп оқушыларына арналған экскурсиялар, көрмелер және деректі бейнематериалдар әзірленсе. Сондай-ақ «Жошы ұлысы: тарихты туған өлкеңнен таны» атты мектепаралық ғылыми-ағартушылық жобасын ұйымдастыруға болады. Оның аясында оқушылар тарихи карта жасайды, жергілікті ескерткіштерді зерттейді, археологиялық олжалар жөнінде шағын ғылыми жоба әзірлейді, деректі бейнеролик түсіреді немесе ғылыми пікірталасқа қатысады.

Екіншіден, Жайық қалашығының 3D цифрлық моделін жасап, оқушыларға ғылыми реконструкцияланған қала кеңістігін виртуалды түрде көрсету. Үшіншіден, Батыс Қазақстанның ортағасырлық ескерткіштерінің бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу. Оған Жайық қалашығы, өңірдегі басқа да анықталған қоныстар, олардың зерттелу тарихы және археологиялық олжалар туралы сенімді мәліметтер енгізілуі керек. Төртіншіден, мектептер мен ғылыми мекемелердің байланысын күшейту. Оқушылар археологтармен кездесіп, тарихи деректердің қалай анықталатынын, заттай олжалардың қалай зерттелетінін өз көзімен көргені жөн. Айта кетейін, 2014 жылы АҚШ-та ғылыми тағылымдамадан өтіп жүрген кезде мені Вашингтондағы медиа музейден басқа мұражайлардың тәулік бойы ашық, тегін екені, елдің түкпір-түкпірінен оқушылардың ағылып келіп, тарихи таным көкжиегін кеңейтіп қайтатыны тәнті етті. Заманауи технологиялармен жабдықталған мұражайлар мен тарихи ескерткіштерді аралап көру, зертханалық зерттеу жұмыстарды сырттан бақылау әр адамға ерекше шабыт береді екен. Сондықтан бұл ретте маңызды мәселе — тарихи мұраны тек мақтан ету ғана емес, оны ғылыми тұрғыдан зерттеу, қорғау және келесі ұрпаққа жеткізу.

Сонымен қатар, тағы бір өзекті мәселе — Орал қаласының тарихи датасын нақтылау жайы. Осы орайда, менің бір ұсынысым — 2016 жылы еліміздің тарихшы-археолог ғалымдары Алматы қаласына 1000 жыл болғанын ғылыми тұрғыда дәлелдеп, үлкен көлемде атап өтті. Ендігі жерде Орал шаһарының нақты датасын 1613 жылдан да терең екенін нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, ортақ бір тұжырымға келу үшін жұмыстану керек деп ойлаймын.

— Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңі мектеп оқулықтарында қаншалықты қамтылған?

— Менің ойымша, мектеп оқулықтарында тарихи сананы қалыптастыруға қатысты олқылықтардың орнын толтыру керек. Әсіресе, Қазақстан тарихын оқыту барысында Алтын Орда мен Жошы ұлысы кезеңіне жеткілікті деңгейде мән берілуі қажет деп есептеймін. Қазіргі мектеп бағдарламаларында патшалық Ресей кезеңі мен кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы көбірек қамтылып жатады. Әрине, бұл кезеңдердің де еліміздің тарихында өзіндік орны бар. Алайда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихын терең түсіну үшін одан әлдеқайда бұрынғы тарихи кезеңдерді, соның ішінде Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірін жан-жақты оқытудың маңызы зор. Көп жағдайда Алтын Орда мектеп оқулықтарында орта ғасырлардағы мемлекеттердің бірі ретінде ғана, хронологиялық қатарда аталып өтіп кетеді.

Әлем тарихындағы Жошы ұлысының мемлекеттілікті, қалалық өркениетті, дипломатия мен мәдениетті дамытудағы жасампаздық рөлін барынша ашып көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Сонымен қатар оның Қазақ хандығымен сабақтастығы, заң жүйесі («Жасақ» заңдар жинағы пен дала құқығы) және мемлекеттік құрылымы тереңірек сарапталуы қажет. 

Шыны керек, бүгінгі таңда оқушылардың Қазақстан тарихына деген қызығушылығы біз қалаган деңгейде емес. Мұның бір себебі — тарихи материалды оқытуда ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасу жолын тұтас әрі сабақтастық тұрғысынан көрсете алмауымыз деп ойлаймын. Сондықтан оқушыларға халқымыздың мемлекеттілік тарихындағы жарқын кезеңдерді, мемлекет құрылымы берік қалыптасқан дәуірлерді кеңінен таныстыруымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Жошы ұлысының тарихын мектепте оқытуға ерекше назар аударған жөн. Менің ойымша, қазіргі оқытуда үш бағытты күшейтуге болады. Бірінші бағыт — оқиғалар тарихынан тарихи үдерістер тарихына көшу. Оқушы Шыңғыс ханның кім болғанын, Бату ханның жорықтарын немесе Алтын Орданың қашан қалыптасқанын біліп қана қоймауы керек. Ол осы өзгерістердің Қазақстан аумағындағы саяси құрылымдарға, халықтың тұрмысына, саудаға, мәдениетке және этникалық үдерістерге қалай әсер еткенін түсінуі қажет. Екінші бағыт — Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихын Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндері арасында сабақтастыра оқыту. Қазақстан тарихы пәнінде жергілікті аумақ, саяси құрылымдар, этникалық үдерістер мен мәдени мұраға басымдық берілсе, дүниежүзі тарихында Алтын Орданың Еуразиядағы орны, халықаралық сауда, дипломатиялық байланыстар және көршілес мемлекеттермен қарым-қатынастары салыстырмалы түрде зерделенуі мүмкін. Үшінші бағыт — өлке тарихын Отан тарихымен ұтымды байланыстыру. Орал маңындағы Жайық қалашығын оқыту арқылы оқушы XIII–XIV ғасырлардағы Қазақстан тарихының нақты географиялық кеңістікте болғанын түсінеді. Тарихи деректі өз өңірімен байланыстыру оқушының қызығушылығын арттырады әрі туған жерге деген жауапкершілігін қалыптастырады.

Фото Құбаш Меңдіғалиевтің жеке архивінен

Сондай-ақ ұлт тарихының даңқты кезеңдерінің бірі Алтын Орда дәуірінде өскелең ұрпаққа отаншыл рух пен жасампаз болмысын қалыптастыратын, айналадағы алпауыт елдердің ақпараттық-геосаяси тасқынына төтеп беретін орасан зор тарихи-танымдық әлеует бар деп білемін.

— Аталмыш кезең туралы жеткіншек ұрпаққа мол мағлұмат жеткізу үшін не қажет деп ойлайсыз?

— Менің ойымша, балаларға тарихи ақпаратты көбейту ғана жеткіліксіз. Ең бастысы — тарихты қабылдау тәсілін өзгерту. Оқушы тарихты жаттап алатын пән ретінде емес, сұрақ қоятын, дерек іздейтін, салыстыратын және қорытынды жасайтын зерттеу алаңы ретінде қабылдағаны жөн. Бүгінгі цифрлық дәуірде өсіп келе жатқан зумер және альфа ұрпаққа (Z және Alpha ұрпақтары) тарихты тек құрғақ даталар мен қалың мәтін түрінде ұсыну өз нәтижесін бермейді. Қазіргі балалар ақпаратты тек оқулықтан алмайды. Олар бейнежазбаларды көреді, әлеуметтік желілерді пайдаланады, подкаст тыңдайды. Ақпаратты визуалды қабылдауға дағдыланған оларға көрнекілік, интерактивтілік, динамика және эмоционалды байланыс аса қажет. Бұл үшін сапалы әрі жас ерекшелігіне сай тарихи көрнекі мультимедиялық контент қалыптастыру керек. Мысалы, Алтын Орда хандары туралы анимациялық фильмдер, комикстер, ғылыми-көпшілік подкасттар дайындау. Тарихи контент қызықты болғанымен, ғылыми дәлдігін жоғалтпауы маңызды. Оған қоса тарихи деректерді оқушыға қолжетімді ету, ізденуге мүмкіндік жасау қажет. Мысалы, оқушыға ортағасырлық жазба деректен үзінді, тиынның суреті, археологиялық олжаның сипаттамасы немесе қалашықтың жоспары ұсынылуы мүмкін. Осылайша, бала дайын ақпаратты қабылдаушы емес, тарихи таным үдерісіне қатысушы болады. Іздену — маңызды қасиет, бір тақырыпты зерттеп, оны үлкен жобаға айналдыруға болады. Университет қабырғасында курстастарыммен бірге «Ақтаңдақтар» деп аталатын тарихи-танымдық интеллектуалдық сайыс өткізіп тұрдық, кейінгі курс студенттері одан ары дамытып, үлкен жобаға айналдыра білді.

Қазіргі уақытта тарихи-танымдық және ойын контент (Gamification) жасау қызықты болар еді. Стартап жоба аясында немесе демеушілердің қолдауымен жасөспірімдер арасында кең тараған стратегиялық компьютерлік немесе үстел ойындары форматында Алтын Орда тарихын бейнелейтін білім беру ойындарын әзірлеуге болады. 

Жошы ұлысы мен Алтын Ордаға қатысты әлемдік тарихнамада зерттеулер көп болғанымен, бізде қазақ тіліндегі сапалы ғылыми-ағартушылық әдебиет жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтырсақ игі. 

Меніңше, жас ұрпақтың бойында тарихи сауаттылықты қалыптастыру маңызды.

Фото Құбаш Меңдіғалиевтің жеке архивінен

Біз балаларға тарихты біржақты мақтаныш немесе біржақты кінәлау тұрғысынан түсіндірмеуіміз керек. Ортағасырлық мемлекеттердің күшеюі мен әлсіреуінің саяси, экономикалық, әлеуметтік және әскери себептері болады. Оқушы осы факторларды салыстырып, өз тұжырымын дәлелдей білуге үйренуі тиіс. Мәселен, «Алтын Орда неліктен күшейді?», «Қалалық мәдениет қандай жағдайда дамыды?», «Сауда жолдары мемлекеттің қуатына қалай әсер етті?», «Мемлекеттің әлсіреуіне қандай ішкі және сыртқы факторлар ықпал етті?» деген сұрақтар баланы терең ойлануға жетелейді.

Қорыта айтқанда, тарихи білімнің ең жоғары нәтижесі баланың қанша дата жаттағанымен ғана өлшенбейді. Ол тарихи оқиғалардың мәнін түсініп, дерекке сүйеніп сөйлеп, өткен мен бүгіннің байланысын түсіндіре алғанда ғана тарих шын мәнінде білімге айналады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жошы ұлысы мен Алтын Ордаға дейінгі тарихи ескерткіштерді түбегейлі зерттеудің маңызы зор екенін жазған едік.