Жошы хан күмбезі

None
Жошы хан күмбезі – Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне сәулет ескерткіші.
Күмбезде сақталған таңбаларға қарағанда оны салуға Жошыға бағынған тайпалардың бәрі қатысқан. Тарихи дәстүр бойынша күмбезді қайтыс болған кісінің жылдық асын беруден бұрынырақ жасайтын болған. Соған қарағанда 1227 жылы қайтыс болған Жошыға 1228-1230 жылдары күмбез тұрғызылған болуы керек. Жошы хан күмбезі порталды-күмбезді құрылыстар қатарына жатады. Жобасы тік бұрышты. Құрылыс материалдары ? күйдірілген кірпіш, әк. Жобаның аумағы 9,52х7,25 метр. Көзге айырқша түсетін нәрсе ? салтанатты порталы. Оның маңдай алдын сүйір арка түрінде шығарып, екі жақ босағасын үстіңгі салмақты еркін көтеріп тұру үшін мейлінше берік етіп тұрғызған. Портал жақтауларын өрнекті кірпішпен безендіріп, үйдің басқұрына ұқсатқан. Өрнекке пайдаланған тақта кірпіштердің ауданы 45х45 см. Бұл кірпіштерде өрнектермен бірге жазу да болған. Порталдың жоғарғы жиегін парапет тәріздендіріп, оның астынан қалақ кірпіштен фриз тартқан. Ежелгі құрылыс әдісінің бірі ? күмбез орнату. Ол Жошы хан күмбезінде тамаша шешімін тапқан. Қабырғаның іш жағынан сөрелеп шығарған белдеулердің үстінен екі қабатты зәулім күмбез орнатқан. Ішкі күмбездің (биіктігі 7 м) салмағын «жалған еңсе» шығару тәсілімен белдеулерге жайса, сыртқы күмбезді (биіктігі 8 м) он алты қырлы барабанға отырғызған. Ішкі күмбезден шығарылған түндік сыртқы күмбезді орнатқан кезде жабылып қалған. Жарық кесененің екі жақ бүйірінен, барабанның астынан шығарылған терезелерден түседі. Күмбез бедерлі қалақ кірпіштермен әшекейленген. Күмбезді көп қырлы барабанға орнату ? оғыз, қыпшақ тайпаларына тән тәсіл. Ішкі қабырғаларында таңбадан басқа ешбір әшекей жоқ. Еденіне қалақ кірпіштер төселген. 1946 жылы Ә.Марғұланның басшылығымен археологиялық экспедиция күмбезді қазған кезде екі қабір табылған. Бірінші қабір күмбездің күншығыс жақ іргесінде орналасқан. Ұзындығы 2,2 м, ені 0,7 м, тереңдігі 1,2 м. Оған жерленген адам тақтай табытқа салынған. Сүйектің оң қолы жоқ екендігі анықталды. Оның үстіне қабір ішінен салтанатты киім жұрнақтары, қызыл сафиян етіктің қалдығы, тұт жібегінің шіріп жатқан сілемдері, аң сүйектері мен түйенің бас сүйегі, темір қарудың сынықтары табылды. Бұл «Жошының аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірді» деген халық аңызына үндес келеді. Халық аңызында «Жошыны жерлегенде бір қолы жоқ болған» немесе «Жошының тек бір қолын тауып қойған», кейде «бір шынашағын ғана тапқан» деген әр түрлі жорамалдар бар. Екінші қабір Жошының үлкен бәйбішесі, Керей хандығының билеушісі Тоғырыл ханның інісінің қызы Бектумыштікі болуы тиіс. 1982 жылы Жошыхан күмбезі архитектуралық әсем құрылыс ретінде республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштердің тізіміне енгізілген. Соңғы жылдары республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жошы ? Шыңғыс ханның үлкен ұлы, Алтын Орданың негізін салушы, қазақ хандарының арғы атасы. Шешесі ? Бөрте. Шыңғыс хан қоңырат тайпасының қызы Бөртеге үйленгеннен кейін меркіттер шабуыл жасап, Бөрте тұтқынға түсіп қалады. Кейін Шыңғыс хан Керей хандығының билеушісі Тоғырыл ханның көмегімен Бөртені тұтқыннан босатып алады. Осыған байланысты Жошы Шыңғыс ханның баласы емес деген ел арасында сөз тараған. Бірақ Шыңғыс хан өмір бойы Бөртеге де, Жошыға да құрметпен қараған. Жошы жас кезінен аса көрнекті әскери қолбасшы ретінде көзге түсіп, Шыңғыс хан әскерлерінің жорықтарына белсене араласты. Жошы әкесінің тапсырмасы бойынша жеке жасағымен Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Шығыс Түркістанды қоныстаған көптеген тайпаларды бағындырды, Солтүстік Қытайға жасалған жорыққа қатысты. Сол заманда өмір сүрген тарихшылардың айтуынша, Жошы хан күш-қайраты мол, ержүрек, өткір адам болған. Оның өлімі жайында халық арасында түрлі аңыз-әңгімелер тараған. Солардың бірінде «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» десе, кейбір деректерде «жау жағына шығып кетеді деп қауіптеніп, құпия түрде өз әкесі Шыңғыс хан өлтірткен» деп көрсетіледі.Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 4 том