Жоспардан тыс тексеріс: Жамбыл облысында 133 емшара кабинеті мен 91 нысан өз еркімен жұмысын тоқтатты
ТАРАЗ. KAZINFORM — Жоспардан тыс тексерулер барысында Жамбыл облысында жұмыс істеп тұрған 133 емшара кабинетінен 91 нысан өз еркімен дәрігерге дейінгі медициналық қызметін тоқтатты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлімдеді.
Мұндай шешім өңірдегі емшара кабинеттерінің қызметін жоспардан тыс тексерудің аралық қорытындысына сай қабылданып отыр.
Алда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жеке емшара кабинеттерінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтпекші.
Биылғы жылдың басынан бері Жамбыл облысында медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзған медициналық ұйымдарда екі адам қайтыс болғанын естеріңізге сала кетейік.
— ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осы мекемелерді тексеру кезінде елеулі құқық бұзушылықтарды, оның ішінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін лицензиялар мен шарттардың жоқтығын, дәрі-дәрмектерді сақтау қағидаларын сақтамауды анықтады, — делінген хабарламада.
Ведомствоның дерегінше, өңірде қоғамдық мониторингтік топтар құрылды. Жүргізілген тексерулерден кейін олар медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзатын 133 емшара кабинетін анықтады.
— Жоспардан тыс тексерулер барысында облыстың 133 жұмыс істеп тұрған емшара кабинетінен 91 нысан өз еркімен дәрігерге дейінгі медициналық қызметін тоқтатты, оның ішінде 33-і медициналық лицензияға дәрігерге дейінгі көмек қосымшасын тапсырды, 58-і рұқсат құжаттарынсыз медициналық қызметпен айналысты. 37 нысанда тексеру жүргізілді, 3 нысан жұмыс істеп тұр, Департамент тексеруді жалғастыруда және 2 нысанға тексеру жүргізу жоспарлануда, — деп хабарлады ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті.
Жүргізілген тексерулердің нәтижесі бойынша 37 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 46 хаттама жасалды, 10, 2 млн теңгеге айыппұл салынды.
Осыған ұқсас жұмыс Қазақстанның басқа өңірлерінде де жүргізілетін болады.
Жоспардан тыс тексерулер азаматтардың ресми өтініштері, әкімдіктердің, денсаулық сақтау басқармаларының, құқық қорғау органдары тапсырмаларының негізінде ғана жүргізілуі мүмкін екенін ескеткен жөн.
Денсаулық сақтау министрлігі тек лицензияланған медициналық ұйымдарға жүгінуді, персоналдың біліктілігіне және медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензияның болуын сұрап-білуі, дәрігерлік бақылаусыз үйде емшараларды жүргізбеуді ұсынады.
Айта кетейік, бүгін Қостанай облысында нәресте өлімі үшін бас дәрігерлерге сөгіс жарияланды.