Жоспардан тыс рейд: Әкімдік қызметкері журналистермен бірге дүкен аралады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин және Астана қаласы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Құрманғалиев келіп, қала базардарында азық-түлік бағасының қымбаттағанын ресми растады.

«Астана әкімдігі әлеумет үшін ең қажетті азық-түлікке күн сайын мониторинг жүргізіп тұрады. Мониторингтің нәтижесіне қарасақ, 21 тағамның бағасы қымбаттаған»,-деді А.Лукин.

Әкім орынбасарының айтуынша, өндірушінің бағасы артқан соң, қант бағасы да қымбаттаған. Негізгі қант өндіруші - «ЦАСК» ЖШС бағаның өсуін қант шикізатының бір тоннасы 354 доллар 477 долларға жетуімен түсіндіріп отыр екен.

Қант бағасына қатысты материал жасау барысында 18 шілде күні қаладағы ірі сауда орындарының бірі - «Smoll» сауда нүктесінде орын алған оқиғаны баяндадық.

«Бүгін  таңертең Астана қаласының әкімі мен Ұлттық экономика министрі Астана қаласындағы төрт базарды аралап көріп, жағдайды қарастырып, тиісті тапсырма берді. Қазір монополияға қарсы комитет бұл жұмысты жүргізеді, материалдарыңызды рұқсат болса, бізге берсеңіз»,-деді брифинг барысында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ә.Құрманғалиев.

Оның айтуынша, дәл бүгін базардағы қант бағасы 300-320 теңгені құрап отыр екен. Дегенмен, біз қала бойынша қант бағасы өсіп қана қоймай, оны табудың өзі қиынға соғып кеткенін айтып, брифинг аяқталған соң, қантты әдейі тығу фактісі тіркелген орындарға бірге баруды ұсындық. Әкімнің орынбасары А.Лукиннің тапсырмасымен, брифингтен кейін Әсет Құрманғалиев журналистермен бірге «Smoll» дүкеніне аттанды.

Дүкен сөресінде әлі қант жоқ екен. Оны әкімдіктің өкілі өз көзімен көрді. Қанттың «қайда кеткенін» анықтау үшін дүкеннің қоймасына қарай бет алдық.

Айта кетерлігі, бұның алдында журналистерге дөрекі сөйлеген дүкен қызметкерлері  бүгін алдымыздан амандасып шықты.

«Қант жоқ. Біздің қоймада қант запасы жоқ. Кейде қантты шығарып үлгермей жатамыз. Біз негізінде қантты сатып алып жатырмыз...» деп әңгімесін бастай берген дүкен қызметкері Гүлжан Бексұлтанованы әріптесі тоқтатты. Әңгімені тоқтатты да өзін таныстырудан үзілді-кесілді бас тартып,  журналистерді ертіп барған Әсет Құрманғалиевпен жеке сөйлесетінін айтты. Астанаға қант жеткізетін компания бағасын алты теңгеге арзандатамын деп уәде етті.  Тіпті, кабинеттің есігін итеріп тұрып, әкімдік пен дүкен арасында журналистерге «естіп, көруге, жазуға» болмайтын әңгімені жалғастырды. Сыртта күттік. Шыққан соң аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкер, «қантты көтерме бағамен сатып алатын саудагерлер алады да оны қайта сатады, соған жол бермеу үшін қант сатылмай жатыр», деді. Оның айтуынша, қант 252 теңгеден сатылған. «Өткен сенбіден бері бізде қант жоқ» деген оған біз дүйсенбі күнгі журналистер дүкен қоймасынан қант «тапқанын» айтып едік, «мен дүйсенбі күні демалдым» деп жауап берді.

Бұл әңгімеден кейін қалалық әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып отырған Әсет Құрманғалиев «қазір Қазақстан бойынша шикізат жоқ болып отыр. Өткен жылы да теңге құнсызданған кезде, қант жоғалып кеткен еді. Содан кейін біз зерттеу жүргізіп, тиісті шараларды қолға алған болатынбыз. Қазір бұл мәселені тағы тексеру керек»,-деді.

Енді Монополияға қарсы комитеттің тексеруін күтуге тура келеді.